АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль соққы жасап жатқан Газа секторында атысты тоқтатуға қол жеткізуді, содан кейін Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа «нүкте қоюды» жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Біз тек Газамен шектелмейміз. Газаннан бөлек, ауқымды әрі жан-жақты бейбітшілікке қол жеткіземіз, – деді Ақ үй басшысы One America News Network телеарнасына берген сұхбатында.
Трамптың айтуынша, ол президенттікке қайта оралған сәттен бастап «жеті соғысты тоқтатты», ал жақында бұл көрсеткіш сегізге жетпек. Оның сөзінше, Таяу Шығыс аймағы «шамамен үш мың жылдан кейін алғаш рет шешімге жақындаған сияқты». Ол мақсатын да атап өтті – тек бір қақтығыстан әлдеқайда ауқымды өзгерістерге жету.
Украинадағы қақтығысқа қатысты сұрақтарға жауап берген Трамп бастапқыда бұл мәселені шешу оңай болады деп ойлағанын, бірақ үлкен қиындықтарға тап болғанын жасырмады. Дегенмен, ол алдымен Газадағы жағдай реттелген соң «келесі қадам Ресейге қатысты болатынын» атап өтіп, өзінің стратегиясын бірізді деп атады.
Бұған дейін Ақ үй Газадағы атысты тоқтатудың 20 тармақтан тұратын «Жан-жақты жоспарын» жариялаған болатын. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатында Трамп оның егжей-тегжейін түсіндірді: жоспар іске асса, ұрыс қимылдары тоқтайды, израильдік әскерлер Газа секторынан біртіндеп шығарылады, тұтқындар босатылады, ал аймақты басқару жаңа кезеңге өтеді – ХАМАС-тың қатысуынсыз.
Нетаньяху бұл бастаманы «соғыстың мақсаттарына жетуге көмектесетін қадам» деп бағалап, қолдайтынын мәлімдеді. Алайда, бәрі ХАМАС-тың реакциясына байланысты – әзірге ұйым тарапынан ресми растау болған жоқ.