Трамп соғыстан қашып келген украиналықтарды еліне қайтармақ

7 Наурыз 2025, 10:18
1745
Бөлісу:
Трамп соғыстан қашып келген украиналықтарды еліне қайтармақ
Фото: realdonaldtrump/instagram.com/zelenskyy_official

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі соғыс салдарынан елге бас сауғалап келген 240 000-ға жуық украиналықты уақытша құқықтық мәртебесінен айыруды жоспарлап отыр. Бұл оларды депортациялау қаупін тудыруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, бұл шешім АҚШ-та сәуір айында қабылдануы мүмкін. Дегенмен украиналықтарды қорғау шараларын тоқтату Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы өткен аптадағы жанжалдан бұрын басталған.

Дереккөздердің айтуынша, бұл – Трамп әкімшілігінің Байден билігі кезінде уақытша гуманитарлық бағдарламалар аясында АҚШ-қа кіруге рұқсат алған 1,8 миллионнан астам мигрантты легалдық мәртебесінен айыруға бағытталған әрекетінің бір бөлігі.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің баспасөз хатшысы Триша Маклафлин әзірге бұл мәселеге қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасалмағанын айтты.

Алайда мигранттар жеделдетілген депортация процедурасына тап болуы мүмкін.  Бұл бағдарламалар 240 000 украиналықты, сондай-ақ 530 000 кубалық, гаитилік, никарагуалық және венесуэлалық мигранттарды қамтыған. Бұған қоса, 70 000-нан астам ауған босқыны да осы бағдарламалар арқылы АҚШ-қа келген.

Өзгелердің жаңалығы