Президент Дональд Трамп Newsmax-қа берген сұхбатында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік тобының мүшелерімен бірге бір топтық чатқа журнал редакторының қалай қосылып кеткені туралы түсініктеме беріп, мәселенің шешілуіне "өте риза" екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Трамп Ақ үйде "Greg Kelly Reports" бағдарламасына кең көлемді сұхбат берді. Ол жүргізуші Грег Келлимен бірге The Atlantic журналының бас редакторы Джеффри Голдбергтің Signal қосымшасындағы топтық чатқа қалай қосылып қалғаны жайлы талқылады. Бұл чат Йемендегі хусит содырларына жасалған шабуылға қатысты болған.
Трамптың айтуынша, Голдбергтің бұл чатқа қосылуы Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолцтың тобы арқылы жүзеге асқан.
Біздің ойымызша, бұл Майк Уолцтың тобындағы төменгі деңгейдегі бір қызметкердің әрекеті болуы мүмкін. Ол Голдбергтің нөмірін білетін немесе қосымша арқылы қоңырау шалған, сөйтіп Голдберг чатқа қосылып кеткен. Бұл құпия ақпаратқа қатысты емес, ешқандай құпия мәлімет тараған жоқ, еш мәселе туындамады. Ал шабуыл сәтті өтті", – деді Трамп.
Мен тек маған айтылған ақпаратқа сүйене аламын. Бұл іске қатысқан жоқпын, бірақ маған айтылған деректер бойынша алаңдауға негіз жоқ, – деп толықтырды президент.
Келли "Болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін Signal орнына тұрақты байланыс желілерін пайдалану қажет пе?" деп сұрады.
Маған тұрақты байланыс ұнайды, бірақ ең дұрысы – барлығының бір бөлмеде, жағдайды басқару орталығында отыруы. Өйткені кез келген байланыс желісінде, мейлі ол әуе арқылы болсын, мейлі сымды желі болсын, тыңдалу қаупі бар, – деді Трамп.
Осы тұста Трамп Майк Уолцқа сенім білдіріп, оның "сабақ алғанын" айтып, қорғаныс министрі Пит Хегсет пен Майк Уолц сияқты Джеффри Голдберг пен оның мақалаларын сынға алды.
Иә, Голдберг – нашар журналист. The Atlantic – сәтсіздікке ұшырап жатқан журнал. Олар мен туралы неше түрлі жалған әңгімелер шығарды. Голдберг – жеңіліс тапқан адам, оның журналы да солай, – деді Трамп.