- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Трамп пен Си кездесуінен не күтуге болады: АҚШ пен Қытай қандай мәселелерде мәмілеге келуі мүмкін?
Трамп пен Си кездесуінен не күтуге болады: АҚШ пен Қытай қандай мәселелерде мәмілеге келуі мүмкін?
24 Қыркүйек 2026, 07:30
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуінің алдында Вашингтон мен Бейжің сауда, жасанды интеллект және критикалық минералдарға қатысты келіссөздерді жалғастырып жатыр. Екі державаның қандай мәселелерде мәмілеге келуі мүмкін екенін саясаттанушы Айнұр Ноғаева BAQ.KZ тілшісіне түсіндірді.
АҚШ пен Қытай өкілдерінің алдын ала келіссөздерінен кейін басты сұрақ – Трамп пен Си Цзиньпин кездесуі нақты келісімге алып келе ме?
Үлкен келісім бола ма?
Айнұр Ноғаеваның айтуынша, әзірге тараптардың келіссөздерінен үлкен серпіліс болады деуге негіз аз.
«Әзірге жалпы көңілде үміт аз секілді. Себебі техникалық кездесуден кейін қандай да бір нақты нәтиже туралы айтылған жоқ. Сондықтан бұл үлкен серпіліс жасаудан гөрі екі ел арасындағы диалогты сақтап қалуға бағытталған секілді», – дейді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, тараптар нақты мәмілеге келе алатын бағыттардың бірі – сауда келісімінің мерзімін ұзарту.
«Нақты жүзеге асуы мүмкін мәселелердің ең басында сауда бітімін ұзарту тұр. Қазіргі АҚШ пен Қытай арасындағы келісімнің мерзімі 10 қарашада аяқталады. Сондықтан ол шамамен бір жылға, мүмкін аздаған түзетулермен ұзартылуы ықтимал», – деді Айнұр Ноғаева.
Алайда келісімнің мерзіміне қатысты Вашингтон мен Бейжіңнің мүддесі бірдей болмауы мүмкін.
«Қытай оны ұзағырақ мерзімге ұзартуға мүдделі болуы мүмкін. Ал АҚШ Қытайға қысым жасау құралын сақтап қалу үшін бірнеше айға ғана ұзартуды қарастыруы ықтимал. Себебі екі елдің мүддесі де, көзқарасы да әртүрлі», – дейді сарапшы.
Сауда ғана емес
Тараптар арасындағы келіссөз тек тарифтермен шектелмейді. Күн тәртібінде жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, сирек жер элементтері және критикалық минералдар мәселесі де бар.
Ноғаеваның сөзінше, АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекеде екі тараптың басымдығы әр бағытта байқалады.
«АҚШ технологиялық жағынан әлі де басымдыққа ие. Ең заманауи процессорлар, жабдықтар мен негізгі технологиялар бойынша оның мүмкіндігі жоғары. Ал Қытай жаппай өндіріс, технологияны тез бейімдеу және оның құнын төмендету жағынан өзінің мүмкіндігін көрсетіп отыр», – дейді ол.
Сарапшы бұған DeepSeek-ті мысал ретінде келтіреді.
«DeepSeek мысалынан Қытайдың технологияны тез бейімдеп, оны арзанырақ әрі тиімді модельге айналдыра алатынын көрдік. Жартылай өткізгіштер саласында да Қытай импортты алмастыруға және өзінің өндірістік тізбегін қалыптастыруға күш салып жатыр», – деді саясаттанушы.
Дегенмен Қытайдың бұл салада толық технологиялық тәуелсіздікке жеткенін айтуға әлі ерте.
«Қытай үшін қазір басты бағыттардың бірі – сыртқы технологияларға тәуелділікті біртіндеп азайту. АҚШ-тың шектеулері бұл процесті тежеп қана қоймай, Қытайдың өз технологиялық базасын дамытуына да түрткі болып отыр», – дейді Айнұр Ноғаева.
Сирек жер металдары – келіссөздегі маңызды тетік
АҚШ пен Қытай келіссөздеріндегі тағы бір маңызды мәселе – сирек жер элементтері.
Олар автомобиль, электроника, энергетика және қорғаныс өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Қытай бұл шикізатты өңдеу және сирек жер магниттерін өндіру бойынша әлемдік жеткізу тізбегінде маңызды орын алады.
Саясаттанушының пікірінше, дәл осы сала Бейжіңнің келіссөздегі маңызды экономикалық тетіктерінің бірі.
«Сауда тапшылығы бойынша келісуге болады. Ал сирек жер элементтері – тараптардың бір-біріне ықпал ету құралдарының бірі. Қытай олардың әлемдік өндірісі мен әсіресе өңдеу тізбегінде маңызды позицияға ие. Сондықтан бұл мәселе келіссөздерде ерекше мәнге ие», – дейді сарапшы.
ЖИ үшін бәсеке күшейіп келеді
Жасанды интеллект те АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің негізгі бағыттарының біріне айналды.
Ноғаеваның пікірінше, ЖИ енді тек технологиялық немесе экономикалық сала ретінде қарастырылмайды.
«Жасанды интеллект қазір жай ғана технологиялық сала емес. Ол экономикалық және геосаяси басымдық үшін бәсекенің маңызды бағытына айналып отыр. Кім осы технологияның дамуына және оның ережелеріне көбірек ықпал етсе, келесі технологиялық кезеңде соның мүмкіндігі жоғары болады», – дейді Айнұр Ноғаева.
Осы тұрғыдан алғанда АҚШ пен Қытайдың ЖИ мәселесінде ортақ ережелерге келе алуы да маңызды.
«Негізгі сұрақ – АҚШ пен Қытай бәсекелестікке қарамастан, ең болмағанда ортақ ойын ережелерін қалыптастыра ала ма? Әлде әлем бір-бірінен бөлек екі технологиялық жүйенің бәсекесіне қарай кете ме? Бұл тек екі ел үшін емес, басқа мемлекеттер үшін де маңызды мәселе», – деді саясаттанушы.
АҚШ-тың қысымы Қытайға қалай әсер етеді?
Вашингтон соңғы жылдары Қытайға қатысты экспорттық шектеулер мен технологиялық бақылау шараларын күшейтті. Алайда сарапшы мұндай саясаттың екінші жағы да бар екенін атап өтті.
«АҚШ бір жағынан Қытайдың ең озық технологияларға қол жеткізуін шектеуге тырысып отыр. Екінші жағынан, бұл Қытайды өзінің дербес өндірістік және технологиялық экожүйесін қалыптастыруға итермелейді. Қысым артқан сайын Бейжің балама жеткізу тізбектерін, нарықтар мен технологиялық шешімдерді белсенді іздейді», – дейді Ноғаева.
Сондықтан алдағы келіссөздердің нәтижесін тек жаңа тарифтер немесе олардың төмендеуімен бағалау жеткіліксіз.
Қазақстан үшін қандай мәні бар?
АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздердің нәтижесі басқа мемлекеттерге де әсер етеді. Қазақстан үшін әлемдік сауда тізбектерінің тұрақтылығы, технологияларға қолжетімділік, шикізат нарығындағы өзгерістер мен ірі экономикалар арасындағы сауда кедергілерінің деңгейі маңызды.
Қазақстан АҚШ-пен де, Қытаймен де сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытып келеді. Сондықтан екі ірі экономиканың арасындағы қатынастың тұрақтылығы Орталық Азиядағы экономикалық процестерге де ықпал етуі мүмкін.
Айнұр Ноғаеваның пікірінше, қазіргі келіссөздерден барлық қайшылықты бір кездесуде шешетін ауқымды мәміледен гөрі, нақты салалар бойынша келісім күткен жөн.
«Қазір тараптардың көзқарастары әртүрлі. Сондықтан барлық мәселе бір кездесуде шешіледі деу қиын. Бірақ сауда бітімін ұзарту, жекелеген тарифтер, сирек жер элементтері немесе технологиялық мәселелер бойынша белгілі бір уағдаластықтарға келуге мүмкіндік бар. Ең маңыздысы – екі тараптың диалогты сақтап қалуы», – деді саясаттанушы Айнұр Ноғаева.
Ең оқылған:
- Несие төлей алмай жүргендерге жаңа мүмкіндік: Қазақстанда ереже өзгереді
- «Бақыт ақшада емес»: Банкоматтан шыққан жазуы бар теңге талқыға түсті
- Шайдың құрамында бояғыш бар-жоғын қалай анықтауға болады?
- Семейде 19 жастағы студент қызды өлтіріп кетті: Күдікті ұсталды
- Жаңбыр, найзағай және тұман: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Олжас АДАЙ