АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы өтетін жүктерге 20 пайыздық алым енгізу жоспарынан бас тартқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бастама Парсы шығанағы елдерімен жасалатын сауда және инвестициялық келісімдермен алмастырылады. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында Трамп жаңа келісімдер АҚШ экономикасына ірі инвестициялар тартатынын айтып, олар Парсы шығанағы елдері үшін де тиімді болатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Трамп Ормуз бұғазының «Ираннан басқа барлық кемелер үшін ашық» екенін мәлімдеп, АҚШ Иран порттарына қатынайтын немесе ирандық жүктерді тасымалдайтын кемелерге қатысты «толық блокада» енгізуге ниетті екенін айтты.
Ақ үйде Ирак премьер-министрі Әли әл-Заидимен кездесуден кейін Трамп бұған дейін Иранға қатысты теңіз блокадасын алып тастағанына өкінбейтінін айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Тегеранға келісімге келуге мүмкіндік берген, алайда кейін Иран келісімді бұзып, теңіздегі шабуылдарды қайта бастаған.
Бұл мәлімдемелер АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленіс күшейген тұста жасалды. Соңғы тәулікте АҚШ әскері Иранның коммерциялық кеме қатынасына шабуыл жасау мүмкіндігін әлсірету мақсатында жаңа соққылар жасағанын хабарлады. Ал Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазында екі БАӘ танкеріне соққы жасағанын мәлімдеді.
БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) мәліметінше, соңғы шабуылдар салдарынан кемінде екі теңізші қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Сарапшылардың айтуынша, шиеленістің ушығуы Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысын айтарлықтай азайтып, мұнай бағасының қайта өсуіне әсер етіп отыр.