Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп Мексиканы су жөніндегі келісімді бұзды деп айыптап, жаңа баж енгізетінін мәлімдеді

Бүгiн, 07:17
175
Бөлісу:
 AP Photo / Alex Brandon
Фото: AP Photo / Alex Brandon

АҚШ президенті Дональд Трамп Мексика су жеткізу туралы екіжақты келісімді орындамай отыр деп айыптап, көрші мемлекетке 5% баж салығын енгізуге дайын екенін жариялады. Бұл туралы ол өзінің Truth Social платформасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Мексика АҚШ-тың бірнеше рет жасаған өтініштеріне қарамастан, келісім бойынша беруі тиіс суды жеткізбей отыр.

Қазіргі уақытта Мексика АҚШ-тың өтініштеріне жауап бермейді және бұл өте қажет суға зәру американдық фермерлер үшін аса әділетсіз. Сондықтан мен Мексика үшін 5 пайыздық тариф енгізуді көздейтін құжаттарды дайындадым, егер бұл су дереу берілмесе, – деп жазды Трамп.

Америкалық The Washington Post басылымы 2024 жылғы 17 мамырдағы мақаласында Мексика ондаған жылдар бойы су жеткізу міндеттемелерін толық орындамай келе жатқанын, елдің өз аумағындағы ұзаққа созылған құрғақшылыққа байланысты АҚШ-қа су жіберуді шектегенін атап өткен.

1944 жылы АҚШ пен Мексика өзендер суын бөлу жөніндегі келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, Мексика әр бес жыл сайын Рио-Гранде бассейнінен АҚШ-қа шамамен 2,2 млрд текше метр су беруге міндеттелген. Өз кезегінде АҚШ Мексикаға Колорадо өзенінен 1,8 млрд текше метр суды кері бағытта жеткізеді.

Қазіргі даудың ушығуына Мексиканың осы көлемдерді толық орындамауы себеп болған. Трамп әкімшілігі бұл жағдайды «америкалық фермерлердің мүддесіне нұқсан» деп бағалап отыр.

Өзгелердің жаңалығы