АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Латын Америкасынан келетін есірткі контрабандасымен күресті жаңа кезеңге шығарып, құрлықтағы операцияларды бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, АҚШ теңіз жолдары арқылы тасымалданатын есірткінің 96 пайызын тоқтата алған, енді негізгі назар құрлықтағы бағыттарға аударылады.
Енді біз құрлықта әрекет етеміз. Бұл әлдеқайда оңай әрі барлық операциялар басталып кетті, – деді Трамп өз сөзінде.
Ол операциялар нақты бір елге емес, АҚШ-қа есірткі жеткізетін тұлғаларға қарсы бағытталатынын атап өтті.
Осы мәлімдемелер аясында Венесуэла билігі АҚШ-ты аймақтың табиғи ресурстарын заңсыз иемденуге тырысты деп айыптады. Венесуэланың Қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопес Кариб теңізінде Венесуэла мұнайы тиелген танкердің АҚШ тарапынан ұсталуын «өрескел қарақшылық» деп атады.
Министрдің айтуынша, АҚШ Кариб теңізінде толық бақылау орнатуды көздеп, Латын Америкасының ресурстарын өз пайдасына пайдалануға ұмтылуда. Сонымен қатар, ұсталған танкер экипажының тағдыры әзірге белгісіз екені айтылды.
Дональд Трамп 10 желтоқсанда Венесуэла жағалауында мұнай танкерінің ұсталғанын растаған болатын. АҚШ Әділет министрлігі танкердің америкалық санкцияларды бұза отырып, Венесуэла мен Ираннан мұнай тасымалдағанын мәлімдеді. Ал Венесуэланың Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті халықаралық құқықты өрескел бұзу және ашық тонау деп бағалады.