Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп Канадаға 100 пайыздық кедендік баж салығын енгіземін деп қорқытты

Бүгiн, 03:35
161
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Дональд Трамп Канада Қытаймен сауда келісімін жасайтын болса, оған 100 пайыздық кедендік баж салығы енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп 24 қаңтар күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

Оның айтуынша, Оттаваның Пекинмен ынтымақтастығы елдің экономикасы мен қоғамына елеулі зиян келтіреді. Трамп Қытай «канадалық бизнесті, әлеуметтік құрылымды және өмір салтын күйретеді» деп, Пекиннің "Канаданы тірідей жұтып, толықтай сіңіріп алатынын" айтты.

Бұған дейін Reuters агенттігі Канада мен Қытай бірқатар тауарлар бойынша сауда шектеулерін жеңілдету жөнінде алдын ала келісімдерге келгенін хабарлаған еді. Атап айтқанда, Оттава 2024 жылы енгізілген 100 пайыздық тарифтің орнына шамамен 6,1 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 49 мыңға дейін қытайлық электромобильді импорттауға рұқсат беруге дайын.

Өз кезегінде, Пекин канадалық рапс пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдеріне салынған баж салығын едәуір төмендетуге келіскен. Бұл шаралар Канаданың Қытаймен сауда байланыстарын қалпына келтіру және АҚШ-пен сауда келіспеушіліктері мен жаһандық қайшылықтар күшейген жағдайда сыртқы сауданы әртараптандыру стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылуда.

20 қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйлеген Канада премьер-министрі Марк Карни әлемдік экономикалық және саяси жүйенің трансформацияланып жатқанын және жетекші державалардың бұрынғы ережелерді сақтаудан бас тартуына байланысты «жаһандық тәртіптің ыдырауын» атап өтті. Оның айтуынша, әлем «қатал шындық» кезеңіне аяқ басты, алайда Канада секілді орта деңгейлі елдер жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуына ықпал ету мүмкіндігін сақтап отыр.

Өзгелердің жаңалығы