АҚШ президенті Дональд Трамп Иран төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, қазіргі жағдайда дипломатиялық келісімге келу бұрынғыдан жеңіл болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзін CBS News телеарнасы жариялады.
Ақ үй басшысы соңғы әскери әрекеттер аймақтағы күштер теңгеріміне әсер еткенін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ пен Израиль жасаған соққылар нәтижесінде Иранның саяси ахуалы өзгеріп, келіссөз жүргізуге жаңа мүмкіндік пайда болған.
Қазір келісімге қол жеткізу бір күн бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңай. Бұл анық, өйткені қарсы тарап ауыр соққы алды, - деді Трамп сұхбат барысында.
Президент жүргізілген операцияны АҚШ пен халықаралық қауымдастық үшін маңызды оқиға деп бағалап, оның нәтижесіне қанағаттанатынын жеткізді. Сонымен қатар ол Иранда билікке келуі мүмкін бірнеше үміткер бар екенін айтып, нақты есімдерді атаудан бас тартты.
Тегеранның жауап әрекеттері
Трамптың мәліметінше, Иран әскери операцияларға жауап ретінде Израиль бағытына баллистикалық зымырандар ұшырған және АҚШ-тың өңірдегі серіктестеріне қарсы шабуылдар жасаған.
Біз мұндай жауап болады деп күттік. Тіпті соққы көлемі бұдан да үлкен болуы мүмкін деп ойлаған едік. Қазірге дейін шабуылдар болжанған деңгейден аз, - деді ол.
Сонымен бірге АҚШ Орталық қолбасшылығы америкалық әскери қызметкерлер арасында қаза тапқандар мен жараланғандар тіркелмегенін хабарлады. Израиль аумағында жауап шабуылдарының салдарынан бір адам көз жұмып, ондаған адам түрлі жарақат алған.
АҚШ Конгресінде республикашыл саясаткерлер президенттің әрекетін қолдаса, Сенаттағы демократиялық азшылық жетекшісі Чак Шумер әкімшіліктен қауіп деңгейі мен операцияның ауқымы туралы толық есеп беруді талап етті.
Заң шығарушылармен байланыс жайлы сұраққа Трамп Конгреспен әрдайым бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
Сонымен бірге ол жағдайды Иранмен соғыс деп атауға қатысты нақты пікір білдірмей, басты мақсат АҚШ қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Қақтығыстың өрбуі
Қазіргі шиеленіс өткен жылы Израиль мен Иран арасында болған 12 күндік әуе қақтығысынан кейін күшейе түсті. Сол кезеңде АҚШ Иранның ядролық нысандарына қарсы әскери науқанға қатысып, Тегеран жауап ретінде Катардағы Әл-Удейд әскери базасына зымыран соққыларын жасаған.
28 ақпан күні таңертең Иранның кемінде жеті қаласында жарылыстар тіркелді. Израиль билігі АҚШ-пен бірлескен зымыран соққылары жасалғанын мәлімдеді, кейін бұл ақпаратты Дональд Трамп растады. Пентагон операция «Эпикалық қаһар» деген атаумен өткенін хабарлады.
Бұған жауап ретінде Иран Израильге, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне, Бахрейнге, Катар мен Кувейтке бағытталған шабуылдар жасады.
Сонымен қатар Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуін шектеу туралы радиосигнал жібергені белгілі болды. Reuters агенттігі бұл қадам әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін жазды.
Халықаралық БАҚ Иранға жасалған ең ірі соққылардың бірі жүздеген адамның өмірін қиғанын хабарлап отыр. Минаб қаласындағы «Шаджаре Тайебе» қыздар мектебіне түскен зымыран салдарынан қаза тапқан балалар саны 160-қа жеткені айтылды.
Әлеуметтік желілерде Иранның Дубайға жасаған соққылары түсірілген бейнематериалдар кең тарады. Осы жағдайдан кейін Дубайдың халықаралық әуежайлары белгісіз мерзімге жұмысын тоқтатып, мыңдаған жолаушы әуежайларда қалып қойған.
Хаменейдің қазасына қатысты мәліметтер
Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің тағдыры туралы бастапқыда әртүрлі ақпарат тарады. Алдымен Reuters дереккөздері оның қауіпсіз жерге жеткізілгенін хабарлаған. Кейін израильдік медиада оның қаза тапқаны туралы мәлімет шықты. Ал ливандық Al Mayadeen телеарнасы көшбасшы тірі екенін мәлімдеген.
Кейін Иран билігі Әли Хаменейдің қаза тапқанын ресми түрде растады. Ол елді шамамен қырық жыл басқарған еді. Сондай-ақ оның кеңесшісі, Қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Шамхани және Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпурдың да қаза тапқаны хабарланды.
Осы оқиғаға байланысты Иранда 40 күндік ұлттық аза жарияланып, алдағы апта жұмыссыз күндер деп белгіленді.