Трамп Иранға қарсы "ауқымды әрі қуатты" соққы жасаймын деп қорқытты

Ақ үй Израильдің де бітімге қосылғанын хабарлады, алайда премьер-министр Биньямин Нетаньяху оның Ливанға қатысты емес екенін нақтылады.

 The White House Кеше 2026, 23:10
Кеше 2026, 23:10
102
Фото: The White House

АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Иран келісім талаптарын толық орындамаса және Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз әрі ашық өтуді қамтамасыз етпесе, бұрын-соңды болмаған ауқымды, табысты және күшті соққылар жасайтынын мәлімдеді. Бұл туралы 9 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.

Ақ үй басшысының айтуынша, америкалық кемелер, ұшақтар, әскери қызметкерлер, сондай-ақ қосымша оқ-дәрілер мен қару-жарақ және соққы жасауға қажетті барлық құралдар Иранда және Тегеран келісімдерді толық орындағанға дейін оның айналасында өз орындарында қала береді.

Атап айтқанда, Иран ядролық қаруға ие болмауы және бұғаз арқылы еркін кеме қатынасын қамтамасыз етуі тиіс екені айтылған.

Сонымен қатар, Испания, Ұлыбритания, Франция және Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілдері 9 сәуір күні АҚШ пен Иран арасында жасалған бітімді Ливанға да таратуға шақырды. Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наурыз айының басынан бері израильдік шабуылдар салдарынан 1500 адам қаза тауып, 1000-нан астамы жараланған.

Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Израильдің әуе соққылары халықаралық құқық нормаларын және Таяу Шығыстағы екі апталық бітімді бұзады деп мәлімдеді. Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрі Иветт Купер Ливандағы бомбалауларды өте зиянды деп атады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл шабуылдарды қатаң айыптап, оларды жаппай шабуылдар деп атады. Нәтижесінде жүздеген бейбіт тұрғын, соның ішінде балалар қаза тауып, жараланған, сондай-ақ азаматтық инфрақұрылымға зиян келген.

Иран президенті Масуд Пезешкиан бұған дейін Израильдің Ливанға жасаған соққылары атысты тоқтату келісімін бұзатынын және келіссөздердің мәнін жоққа шығаратынын айтқан. Оның сөзінше, Тегеран Ливан халқын қолдаусыз қалдырмайды.

8 сәуірге қараған түні АҚШ пен Иран екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген. Бұл келісім Трамп қойған ультиматум мерзімі аяқталуына бір сағат қалғанда жасалған. Трамп бұл келісімді АҚШ-тың толық әрі абсолютті жеңісі деп атады.

Өз кезегінде Тегеран да бітімді өз жеңісі ретінде бағалады. Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің мәлімдеуінше, жау иран халқына қарсы жүргізген заңсыз соғыста тарихи әрі күйретуші жеңіліске ұшырады.

Ақ үй Израильдің де бітімге қосылғанын хабарлады, алайда премьер-министр Биньямин Нетаньяху оның Ливанға қатысты емес екенін нақтылады.

 

Наверх