Трамп Иран үшін Ормуз бұғазын қоршауға алып, жүк тасымалы үшін алым енгізетінін мәлімдеді

Трамп АҚШ-тың Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін және осы қызмет үшін коммерциялық жүк жөнелтушілерден жүк құнының 20%-ын алатынын айтты.

 Ормуз бұғазының спутниктік суреті / NASA фотосуреті 14 Шілде 2026, 04:25
14 Шілде 2026, 04:25
88
Фото: Ормуз бұғазының спутниктік суреті / NASA фотосуреті

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран кемелеріне қатысты Ормуз бұғазындағы қоршауды қайта енгізетінін және басқа елдердің коммерциялық кемелерінен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүк құнының 20%-ы мөлшерінде алым алынатынын мәлімдеді.

Ормуз бұғазы ашық және Иранмен бірге де, онсыз да ашық болып қала береді. Біз Иран кемелері мен олардың клиенттерінің ғана өтуіне кедергі келтіретін қоршауды қайта енгіземіз. Ал басқа барлық елдер бұғазды еркін әрі әділ пайдалана алады, – деді Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған хабарламасында.

Сонымен қатар, Трамп АҚШ-тың Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін және осы қызмет үшін коммерциялық жүк жөнелтушілерден жүк құнының 20%-ын алатынын айтты.

Алайда Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) бұл бастамаға қарсы шықты. Ұйымның мәлімдеуінше, халықаралық құқыққа сәйкес Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ешқандай баж немесе алым алынбауы тиіс.

IMO:

  • халықаралық кеме қатынасына арналған бұғаздар арқылы транзиттік өту құқығы шектелмеуі керектігін;
  • азаматтық сауда кемелеріне жасалған шабуылдарды айыптайтынын;
  • Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырмауға шақыратынын мәлімдеді.

Ұйым сондай-ақ жағалаудағы мемлекеттердің маңызды теңіз жолдарындағы қозғалысты реттеу шаралары Теңіздегі адам өмірінің қауіпсіздігі туралы халықаралық конвенция (SOLAS) және IMO ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) өкілі Тимоти Хокинс CNN арнасына америкалық әскери күштердің қоршауды қайта бастауға дайындалып жатқанын, ал оның нақты қашан және қалай жүзеге асырылатыны жақын уақытта белгілі болатынын хабарлады.

Бұған дейінгі қоршау кезінде АҚШ әскері айтарлықтай қиындықтарға тап болған. Мұндай ауқымдағы операцияға арналған ресми жоспар болмағандықтан, әскери-теңіз патруліне арналмаған жойғыш ұшақтар кемелерді бақылауға тартылған. Сондай-ақ бұл шара АҚШ эсминецтеріне түсетін жүктемені арттырған.

Өткен аптада Дональд Трамп Иранмен уақытша атысты тоқтату келісімі аяқталғанын мәлімдеген болатын. Осыдан кейін АҚШ Иран аумағына соққыларын қайта жалғастырса, Тегеран Йемен, Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы нысандарға шабуыл жасаған.

Наверх