Дональд Трамп Иранның келіссөздер жүргізуге мүдделі екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол президенттік ұшақ бортында журналистермен әңгіме барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Трамптың сөзінше, АҚШ Тегеранмен байланыста, алайда Иран келіссөздерге толық дайын емес.
Біз олармен сөйлесіп жатырмыз, бірақ олар дайын болса да, әлі толық дайын емес деп ойлаймын, - деді ол.
Сонымен қатар, Трамп әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікте тараған кейбір материалдар, соның ішінде Иранды қолдаған митингілер мен әскери әрекеттер туралы кадрлар жасанды интеллект арқылы жасалған болуы мүмкін екенін айтты. Алайда бұл мәлімдемеге нақты дәлел келтірмеді.
Өз кезегінде Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран ешқашан атысты тоқтатуды немесе келіссөздерді өзі сұрамағанын мәлімдеді.
Трамп сондай-ақ Беньямин Нетаньяхумен қарым-қатынасының жақсы екенін айтып, Израильмен бірлескен әрекет жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, қақтығыс аяқталғаннан кейін мұнай бағасы да төмендеуі мүмкін.