Еуропалықтар мен канадалықтар Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін АҚШ-қа сирек бара бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі forbes.ru-ға сілтеме жасап.
Financial Times-тың жазуынша, Трампқа байланысты саяси және экономикалық шиеленістер аясында Батыс Еуропадан АҚШ-қа келген туристер саны наурыз айында өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға азайған. Ирландия, Норвегия мен Германиядан келгендер тіпті 20%-дан аса қысқарған.
Бұл үрдіс АҚШ туризм саласына қауіп төндіруде. Туризм елдің ЖІӨ-нің 2,5%-ын құрайды. Әуе компаниялары мен қонақ үйлер Еуропа мен АҚШ арасындағы сұраныс төмендегенін хабарлаған.
Politico дерегінше, Канададан келетін сапарлар саны биыл 20%-ға азайып, АҚШ 3,4 млрд доллар жоғалтуы мүмкін. Ванкувер мен Оттавадағы туркомпаниялар турларды жаппай тоқтатқан.
Шекара қызметінің мәліметі бойынша, ақпанда солтүстік шекарадан өткендер саны былтырғыдан 12%-ға кеміген.
Ақ үй Трамптың "Американы қайтадан бай, қауіпсіз және әдемі ету" жоспары туризмді қайта қалпына келтіреді деп мәлімдеді.