Бұдан былай елімізде трамадолды заңсыз сатқандар қылмыстық жауапқа тартылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апта сайынғы онлайн брифингінде ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты.
20 наурызда Үкімет бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін актіге қол қойды. Ол қосымша 27 есірткі мен прекурсор атауын мемлекеттік бақылауға алуды көздейді. Қазіргі уақытта бұл тізімдерде айналымын мемлекет бақылайтын мыңнан астам зат бар, - деді ол.
ІІМ ресми өкілінің айтуынша, қазір оған есірткі мен психотроптың тағы 15 атауы, сондай-ақ прекурсорлардың 12 атауы және оларды жасау үшін қолданылатын заттар енгізілген.
«Дәріханалық» нашақорлықпен күресу мақсатында психотроптық заттардың тізімі трамадолмен толықтырылады. Сондай-ақ психотроптық анальгетик, оны есірткіге тәуелділер эйфория әсерін алу үшін пайдаланады және тұтастай алғанда есірткіге тәуелділіктің қалыптасуына ықпал етеді. Қылмыстық жауапкершілікке тартылатын трамадолдың салмағы 0,1 грамм болып белгіленді. Бұл шағын өлшем, 10 граммға дейін - үлкен өлшем, 10 граммнан асса аса үлкен өлшем саналады, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Үкімет актісі қолданысқа енгізілген соң трамадол тек рецепт бойынша және есірткі құралдары және психотроптық заттар айналымына байланысты қызметке лицензиясы бар дәріханалық және емдеу-профилактикалық ұйымдарда ғана беріледі.
«Трамадолдың» заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қолданыстағы заңнамаға сәйкес басталады.
Қылмыстық кодексте есірткіні заңсыз сақтау, өндіру, өткізу, контрабанда ғана регламенттеліп қойған жоқ. Есірткіні жарнамалау және насихаттау, ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып есірткінің заңсыз айналымын қалыптастыру, сондай-ақ оны тұтынуға тарту және т.б. әрекеттерге де жауапкершілік белгіленді, - деп түсіндірді ІІМ ресми өкілі брифингте.
Үкіметтің қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетінін айта кетейік.