Жетісу жерінде «тракторшы апа» атанып кеткен Шакира Идрисова тұрады. Ол көпбалалы ана болса да, ауылшаруашылығы саласының белді өкілі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек ету ерге ғана емес, әйелге де парыз
Тауқыметтің дәмін тартса да ерге бергісіз мінезінің арқасында ауыл шаруашылығы ден қойған жанның еңбегі көпке үлгі. Нағыз еңбек адамы қандай болу керек десеңіз, оның ауылдастарры алдымен Шакира апаның айтады. Айтатындай-ақ бар кеңес өкіметі тұсында, ел еркіндікке қол жеткізбеген кезеңде әке-шешесінің соңынан еріп, фермада қызмет еткен қаршадай қыздың өміртарихы өте қызық. Неге десеңіз, қыз болып сәнді көйлек кимей, тракторды тізгіндеген арудың қарекеті қазақ әйелінің байырғы болмысына саяды. Өзі мені адам қылған алдымен еңбек деуден шаршаған емес. Бүгінде немерелеріне басынан өткен оқиғаларды баяндап, әрекетке берекет екеніні айтып отырады.
Бала күнімізден бейнеттің дәмін татып өстік. Қолға қуыршақ емес, кетпен ұстап, ойынның орнына еңбекке араластық. Жаз шыға жер жыртып, арам шөп отап, егін жинадық. Қыс түссе, қорадағы малдың күйін күйттеп, ата-анамыздың қас-қабағына қарап, әр істі үйрендік. Сол кездегі шаруа жеңіл болған жоқ, бірақ сол бейнет бізді шыңдады, төзімді етті. Трактордың гүрілімен оянған таңдар, дала төсінде төгілген маңдай тер, қолдың күс-күс болып жарылуы – бәрі-бәрі сол кездегі өміріміздің ажырамас бөлшегі еді. Бізге таңдау берілмеді. «Мынау әйелдің ісі, мынау ер адамның жұмысы» деп бөлген ешкім жоқ. Тірлік бар жерде еңбек ету – парыз. Сондықтан техника тізгіндеп, ерлермен қатар жер жыртып, егін ектік. Кейде шаршадық, кейде саусақтарымыз тілініп, білегіміз талып, түнге дейін тынымсыз тер төктік. Бірақ еш өкінген емеспіз, дейді тракторшы апа.

Еңбек еткен адам қатарынан озатыны сөзсіз. Мынау тіршіліктің мәні мен өмірдің тұтқасы еңбек еткен адамның қолында. Оған мысал біздің кейіпкеріміз. Жұмыс түрін ер мен әйел деп бөлуге бола ма? Кешегі соғыс жылдарында азаматтар майданға аттанғанда, туған жердің тұтқасын ұстап, белін бекем буған аналарымыз жоқшылықпен бетпе-бет келді, бірақ еш мойымады. Олар таңмен таласа тұрып, күн батқанша алқапта жұмыс істеп, ауыртпалыққа қасқайып қарсы тұрды. Бүгінгі ұрпақ сол бір қайсар буыннан өнеге алуы тиіс. Солардың бірі – Шакира Идрисова. Көпбалалы отбасының қызы жастайынан бейнеттің ащы дәмін татып, өмір мектебінен өткен. Қатарластарынан қалмай, белін бекем буып, егін шаруашылығына араласты. Ер-азаматтарға тән кәсіпті таңдап, ауыр техника тізгіндеді. Қанша жыл өтсе де, оның есімі ауылдастарының жадында. Қаратал өңірінде “тракторшы Шакира” десе, оны танымайтын жан кемде-кем. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін тосын естілуі мүмкін, бірақ кешегі дала әйелдері бір қолымен бесікті, екінші қолымен тіршіліктің тізгінін ұстаған нағыз еңбек майталмандары еді.
Шакира Нұржұманқызы 1958 жылы Қаратал ауданының Кәльпе ауылында дүниеге келді. Он баланы тәрбиелеп өсірген шаңырақтың үлкені ретінде ерте есейіп, еңбекке араласуға мәжбүр болды. Әкесі мал дәрігері, анасы сауыншы еді. Олар бейнетпен белдесіп жүріп, балаларына адалдық пен еңбексүйгіштікті аманат етті. Жастайынан тірліктің дәмін татып өскен Шакира үйдегі ауыртпалықты бөлісу үшін анасына қолғабыс жасап, бауырларына қамқор болды. Көктем шыға жер жыртып, жаз бойы қант қызылшасының арамшөбін отап, күзде жиын-терімге араласатын. Бала күнінен ширақ, еңбекқор боп өсті.
Қазіргі жас буынның жолы ашық, өмірі жарқын болсын! Біз кешкен қиындықтарды бастан өткермесе де, еңбектің мәнін түсініп, қадіріне жете білсе деймін. Бұрын ауыр жұмыстың бәрі қол күшімен атқарылса, бүгінде заманауи технологияның арқасында шаруа жеңілдей түсті. Жер жырту, егін егу, мал бағу – бәрі жаңа техниканың көмегімен әлдеқайда оңай орындалады. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытатын жастар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.Қазіргі таңда кәсіби білім алу, маман атану үшін барлық жағдай жасалған. Біз еңбектің қыр-сырын өмірдің өзінен үйрендік, ал қазір бұл кәсіпті ғылыми тұрғыдан меңгеруге мүмкіндік мол. Техника қанша жетілдірілсе де, оны басқарып, жаңа белестерге шығаратын мамандар қажет. Сол себепті жастар осы салаға бет бұрып, білімін жетілдіріп, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қоса берсе екен, - дейді кейіпкеріміз.
Қант қызылшасының дамуына үлес қосып жүр
Мектепті бітіре салысымен еңбекке араласып, алғашында сауыншылықты меңгерді. Бірақ бір орында тоқтап қалмай, жаңа салаға бет бұрды. Кеңшарда механизаторлар дайындайтын үш айлық курсты аяқтап, трактор руліне отырды. Техника тілін жетік меңгеріп, өз ісіне тиянақтылығымен көзге түсті. Сол тұста совхозда қыздардан құралған механизаторлар бригадасы болды. Шакира осы топтың қатарын толықтырды. Сол жылдары ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауылдық кеңеске депутат болып сайланды. Қайсарлығы мен еңбекқорлығы еленіп, есімі құрмет тақталарынан түспеді.
Жеке өмірінде де, қызметте де белсенділік танытты. 1978 жылы тұрмыс құрып, төрт баланы дүниеге әкелді. Бірақ отбасы өмірімен шектелмей, қоғамдық жұмыстардан да шет қалмады. Кейін сүт фермасында бригадир болып, Талдықорғандағы зоотехникалық техникумда білім алды. Сүт фермасында техник-осеменатор қызметін атқарды. Мал шаруашылығын меңгеріп, ауыл еңбеккерлерімен иық тіресе жүріп, тіршіліктің тірегіне айналды.
Қай жерде болсын, қай елде, Әлемнің мәні әйелде дейді ақындарымыз. Шынымен өмірдің мәні мен сәні әйел адам. Бірақ әйел екенмін деп үйде отыра берген жараспайды. Баяғыда қалаға барып оқудың орнына ауылдағы фермадан ізгілік іздедік. Әке-шешемізге қайтсек көмектесеміз деп алып ұштық. Сол мақсаттың жетегінде жүріп тірлікке ерте араластық. Оған өкініш жоқ, қайта етіміз ерте пісті, ерте ширадық. Бүгінде елдің тілегіне арқау болып отырмыз. Аллаға шүкір, ұлымыз ұяға, қзымыз қияға қонды. Кәсібіміз өз алдына өркендеп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен ауылшаруашылығы саласы дамып келеді. Қант қызылшасын өсіріп, өңірдегі зауыттарға өткіземіз. Өзіме жұмысым ұнайді, - дейді тракторшы апа.
Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Бүгінде оның балалары да ата-анасының жолын жалғап, шаруашылық саласында тер төгуде. Ұлдары өз отбасыларын құрып, өмірдің әр қиындығына мойымай еңбек етуді серік еткен. Қызы білім беру саласында ұстаздық етеді. Шакира апа мен жолдасы балаларының өз алдына түтін түтетіп, елге қызмет етіп жүргеніне мақтанады.
Ауыр жұмыста жүріп, өзіміздің ана екенімізді ұмытқан емеспін. Ана болуы өмірдің ең ұлы жеңісі. Бала тәрбиесінен жарықта қалған емеспін. Уағында тракторда жүргіздік, әлі де реті келсе жүргіземіз. Бұзылып қалса, қолымыз май-май болып, өзіміз жөндейтінбіз. Қазір заман өзгерді, байырғы ескі тракторлар жоқ. Көбі жаңа, бұзыла бермейді. Қожалықты әйел адам қалай басқарады деген сөздер де айтылды. Оның бәріне мән бере берсеңіз, шаруашылығыңыз жүрмейді. Қазір өңірде қант қызылшасы қарқынды дамып келеді. Көп шаруалар жүгері, соя егуді қойып, тәтті түбірге ден қойып келеді. Біздеосы салад өзіміздің бағымызды сынап жатырмыз. Әзірге көрсеткішіміз жамане емес. Суармалы жерімізді жыртып, биыл да қант өнімін көбіререк алсақ деген ниеттеміз. Арулардың мерекесі құтты болсын, - дейді Шакира Идрисова.
2000 жылы отбасымен бірге жеке шаруашылық ашып, бүгінде сол қожалықтың басшысы атанды. Күйеуі мен ұлдарының қолдауымен кәсібін дамытып, жер жыртып, егін егіп, қант қызылшасын өсіруді қолға алды. Жыл сайын мол өнім жинап, аймақтың ауыл шаруашылығына сүбелі үлес қосып келеді. Әйел заты болғанына қарамастан, ол өз ісіне жанын салып, қиындықтан қаймықпай, ерлермен тең дәрежеде еңбек етті. Оның өмір жолы – шыдамдылық пен табандылықтың, еңбек пен төзімділіктің жарқын мысалы. Қайсарлығымен, қарапайымдылығымен ауылдастарының құрметіне бөленген жан. Бүгінгі буын оның ерен еңбегін үлгі тұтады. Ал ауылдастары таркторшы апаның батасын алуға асығады.
Ақмарал ҚАЙРАТ