Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аграршыларға ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға жан-жақты көмек беру қажет. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта дамыған елдердің барлығы ауыл шаруашылығында кооперация тетігін табысты пайдалануда. Бұл ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттыруға, қала халқын сапалы жəне арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыс орындарын ашуға зор септігін тигізеді.
Бүгінде ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық процестерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмегендіктен нәтижелі болмай отыр, - деді депутат.
Ол жер мәселесін ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырмаса, жайылым мәселесі шешімін таппайтынын атап өтті.
Жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыс бойынша орын алып отыр. Мәселен, Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ауыл тұрғындары жайылымдардың жетіспеушілігінен зардап шегуде. Елді мекендерде малдың 80%-ға жуығы ауыл шегінде және оның айналасында жайылатындықтан, бұрын бөлінген шамамен 21 млн га жайылымдық жер деградацияға ұшыраған, - деді Сұлтан Дүйсембинов.
Сенатор жайылымның тапшылығын шешу үшін жайылымдарды ұзақ мерзімді басқару жөніндегі жоспарларды бекіту қажет екенін және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек екенін айтты.