Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі лагерьлердің жай-күйін көтеріп, өз ұсыныстарын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде балалар лагері мүлдем жетіспейді. Олар бар болғаны балалардың 10 пайызын ғана қамтиды. Оның ішінде де сапалы демалысты қамтамасыз ете алатыны санаулы ғана. Оған қоса, пандемиядан кейін лагерлердің 30 пайызы нарықтан кетті, - дейді ол.
Бейсенбаевтың пікірінше, статистикалық мәліметтер ойдан жасалады.
Ашығын айту керек, балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикасы көкейге қонбайды. Өйткені жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерлерді – жазғы лагерьлер деп есептейді. Бұл жөнсіз. Тағы да қайталап айтамын, мектеп жанындағы лагерьлер жазғы демалыс емес, ол тек қана 5-6 сағат уақыт өткізетін жер, - деп санайды мәжілісмен.
Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, еліміздегі лагерьлердің басым бөлігі Кеңес кезеңінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр.
Сондықтан салынуы оңай, шығынды аз талап ететін Глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерьлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет. Сондай-ақ елімізде педагогттерді дайындайтын оқу орындары көп болғанымен, әлі де лагерьлерде жұмыс істейтін жетекші-тәрбиешілерді дайындау жүйесі жолға қойылмаған, - деді депутат.
Оның сөзінше, AMANAT партиясының Жол картасында 50 балалар сауықтыру лагерін салу көзделген. Алайда оның биыл тек бесеуінің ғана құрылысы жүріп жатыр.
Депутат мынадай ұсыныстар жасады:
1. Су басқан өңірлердің балаларын жазғы сауықтыру лагерьлеріне арнайы ұйымдастыру керек.
2. Жазғы балалар сауықтыру орталықтары тиісті салалық мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс.
3. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделуі тиіс.
4. Бизнес өкілдері мен сала мамандарын қатыстыра отырып, Қазақстанда балалар демалысын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген жөн.