Тозған құбыр тоқтаусыз газға кедергі

16 Наурыз 2021, 14:09
3719
Бөлісу:
Тозған құбыр тоқтаусыз газға кедергі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан олысы – Қазақстандағы ең үлкен әкімшілік аумақтың бірі. Өңірде Шымкент мегаполисін қоспағанда 7 қала, 11 әкімшілік аудан, мыңға тарта ауыл бар. Елімізде халқы ең тығыз орналасқан аймағында қазір 2 млн 800 мың адам тұрып жатыр. Түркістан облысының өнеркәсібі мен бизнесі де ең еркін дамып жатқан аймақ.

Осы қарқынды дамып жатқан аймақта шешімін таппай тұрған үлкен мәселенің бірі – магистарльдық газ құбыры. Ол кешенді проблемаға айналып, уақыт озған сайын, мемлекет те түбегейлі шешім қабылдауға асығар емес. Сала мамандары аймақта қалыптасқан жағдайды айтып, дабыл қағып отыр.

Газбен қамту – халыққа тиімді, салаға – қауіпті

«Интергаз Орталық Азия» АҚ қарасты «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының филиалы облыс аумағын басып өтетін негізгі магистральдық желілерді бақылауда ұстап отыр. Олардың ұзындығы – 2500 шақырым екен.

Енді салада қалыптасқан негізгі мәселелерге жеке-жеке тоқталсақ.

Газтасымалдау жүйесінің техникалық жағдайы өзге аймақтар сияқты Кеңес өкіметі кезінде салынған ескі желілермен тікелей байланысты. «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасына қарасты желілердің басым бөлігі – газ тарқататын құбырлар, газ бөлетін желілер және газ сақтау қоймасы әбден ескірген. Бұл – жүйенің күн өткен сайын техногендік апатқа бір табандап болса да жақындап келе жатқанын көрсетеді. Ол әсіресе жыл сайын жылу маусымы кезінде қатты сезіледі, дейді аймақтағы газ саласының мамандары.

Бұл қатер адам шығыны, ғимараттардың қирауы және стратегиялық нысандар жұмысының толықтай тоқтауына әкелуі бек мүмкін.

Республикалық газтасымалы саласы ардагерлері кеңесінің мүшесі (Шымкент қаласы) Полат Құнанбаев аймақта қалыптасқан күрделі жағдайға өз бағасын берді. Өңірді газадандыру науқанына белсенді атсалысқан маман Түркістан облысының халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету 2000 жылдардан соң қарқынды жүре бастағанын айтады. Дәл осы кезеңде Кеңес өкіметінен мұраға қалған негізгі магистарльдарға жан бітіп, елдімекендерге жаппай газ тартылды. Бірақ бұл халыққа жақсы болғанымен, жалпы саладағы жағдайды күрделендіре түсті, дейді Полат Құнанбаев.

Тозған құбыр тоқтаусыз газға кедергі

Магистарльдық газ желілерінің проблемасы және оларды тарту мен оның қондырғылары туралы ұзақ айтуға болады. Мысалы 2000 жылдары «ҚазТрансГаз» біздің облысқа кіргенде (ол кезде ОҚО – Е.Ж.) көптеген елдімекен көгілдір отынсыз отырған. Мысалы Жетісай ауданы Кеңес заманында толықтай газдандырылған, барлық ауылына дейін көгілдір отыны жеткізілген еді. Алайда тоқсаныншы  жылдардың соңында тек аудан орталығында ғана газ қалды да, ауылдардың барлығы қайтадан ажыратылды. Оның басты себебі – магистарльдық тарату желілері тозып, істен шығып қалды,- дейді Полат Бекайдарұлы.

Газ желісін жөндейтін қосалқы бөлшек шығармаймыз

Газ маманы ескі газ магистарльдарын қайта жаңғыртуға кедергі болып отырған бір мәселе – қосалқы бөлшектердің жоқтығы дейді. Негізгі газ бөлу, тасмалдау және тарату нысандарындағы қондырғыларды бастапқы қалпына келтіру мүмкін емес. Себебі Кеңес заманында істеп тұрған өндіріс орындары жабылып қалған.

Иә, газ құбырлары және оған салалас қондырғылар да 50 жылдан бері қолданылып келеді. Ендеше ол жөндеу, ауыстыру, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Газ бөлетін бекеттерде, газды реттейтін тіректерде қосалқы бөлшектердің жоқтығынан тоқтап қалатын жағдайға жеттік. Себебі мұндай бөлшектерді енді ешкім шығармайды. Бұл халықты, өндірісті, тұрмыстың әр саласына керекті газды таратуға кедергі. Айта кету керек, жыл өткен сайын бізде тұтыну көрсеткіші қарқынмен өсіп келеді. Бұл қолда бар желіге, қондырғыларға салмақ салып отыр. Айналып келгенде, бұл форс-мажорлық жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан барлық газ құбырларын, магистральдық, тарату желілерін ауыстыратын күн туды. Мемлекеттің жағдайы келсе, жаңадан салу керек. Бұған үлкен капитал қажет,- дейді ардагер.

Магистральдық газ құбырларының негізгі төрт мәселесі

«Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасы қалыптасқан негізгі төрт мәселеге назар аударды. Тез арада шешімін табуы тиіс мәселелер мыналар:

Бірнішден, «Бұқар газсорғысы ауданы – Бішкек-Ташкент-Алматы» магистралы өңірдегі ең ескі газтасымалы жүйесі. Ол өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында қолданысқа еніп, соңғы 50 жылда үздіксіз қызмет етіп келеді. Бастапқыда оны пайдалану 30 жылға есептелген. Яғни өте тығыз орналасқан өңірде стратегиялық газ магистарлі өз ресурсын екінші айналымда пайдалануға көшті. «Газли-Шымкент» желісі 1988 жылы пайдалануға берілді. Оның мерзімі 30 жылдан асты. Бұл жүйе Батыс Қазақстан мен Қызылорда облысына қарағанда оңтүстік өңірде негізінен суармалы ауылшаруашылығы аймақтары арқылы автомобиль мен теміржолмен түйісетін жерлерден және халық көп қоныстанған елдімекендердің маңынан өтіп жатыр. Бұл магистарльдық газжүйесінің апаттық тәуекелін арттыра түседі.

Екіншіден, магистарльдық газқұбырларының диагностикасы. Желідегі істен шыққан аумақтарды анықтап, оның ішкіқұбырлық ақауларын бес жылда бір рет тексеріп тұру қажет. Бұл оның жалпы техникалық жағдайын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Осы күні «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасы бұрын-соңды жөндеушілердің қолы тимеген 500 шақырым магистарльдық газқұбырын тексеріп шыққан. Ол үшін дайындық жұмыстары көп уақытты алады және көп қаражатты талап етеді. Ең қиыны анықталған ақауларды күрделі жөндеуден өткізу аса қымбатқа түседі. Оны саты-сатымен жөндеу мүмкін емес, анықталған аймақтарды бірден ауыстыру керек.

Үшіншіден, газ тарату станцияларының (ГРС – Е.Ж.) шамадан тыс жұмыс істеуі. Көгілдір отынды тарату бекеттері газды тұтынушыға жеткізетін негізгі кешен. Ол жерге магистарьдық құбырлардан қатты қысыммен келетін газ қауіпті күшейтеді. Станцияларға жеткен отынға одорант қосылып, газға иіс береді. Мұндағы газға коммерциялық есеп жүргізіліп, тиісті жеріне жөнелтіледі. Дәл қазір аймақта осындай 29 бекет жұмыс істеп тұр. Оның тең жартысы Кеңес өкіметі кезінен қалған. Халықтың көгілдір отынға деген сұранысы артқан сайын «Шымкент-1», «Шымкент-4», «Жетісай», «Мақтаарал», «Абай», «Сарыағаш», «Свердлов» және «Тоболино» сияқты газ тарату станциялары жылыту маусымы кезінде шамадан тыс жұмыс тәртібіне көшеді. Бұл да үлкен тәуекел мен қауіпке алғышарт болары сөзсіз.

Төртіншіден, газ тасымалы мен тарату компаняилары үшін тағы бір түйіткілді сұрақ – желідердің қауіпсіздігі мен күзеті. Магистральдық газ желілерін қорғау Жер туралы кодекстің 121-бабы негізінде қорғалады. Стратегиялық нысан өтіп жатқан аумақтың көрсетілген қорғау аймағына қолсұғушылық көбейіп келеді. Мұндай заңсыздықтарға жол беретін жергілікті атқарушы билік. Әкімдіктер газ желісіне тиеселі жерлерді үй салуға ауылшаруашылық мақсатына беріп жіберуді доғарар емес. Оңтүстікте осындай 200 жағдай анықталған. Магистарльдық желілерге жақын нысандардың қатарына адамдар көп жиналатын «Жібек жолы» кедендік бекеті (Өзбекстанмен шекарада орналасқан – Е.Ж.) де кіріп кеткен.

Жоғарыда көтерілген негізгі мәселелердің басты шешімі – біреу. Ол – мемлекеттік деңгейде саланың мүшкіл халіне назар аударып, тиісті қолдау көрсету.

Қазір бөлініп жатқан қаражат айтылған мәселелердің ширегін де шешпейді. Салыстармалы түрде алғанда, бөлініп жатқан қаржы аз емес. Бірақ ол қолда бар газ тасымалы жүйесін ұстап тұруға ғана жетеді, оның дамуына мүмкіндік бермей отыр, дейді сала мамандары.

Тозған құбыр тоқтаусыз газға кедергі

Бүгінгі күні Шымкентте Қазақстан халқының 17 пайызы өмір сүреді. Оның сыртында аймақ ең қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі. Бұл бізді, яғни газ саласының мамандарын да қызу жұмыс істеуге итермелеп отыр. Сондықтан тұтынушылардың қажеттілігін қамтамасыз етіп, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қорғауға бағыттылған жұмыс жоспарымыз бар.  Біздің филиал магистарльдардың қазіргі жағдайын тұрақты ұстап тұруға күш салады. Бұл тек Түркістан облысы емес, көршілес Жамбыл облысы, тез дамып жатқан Алматы облысымен де тығыз байланысты. Біздің қарамағымыздағы 1960 жылдары пайдалануға берілген газ құбырлары тозығы жеткенін және оның мемлекет деңгейінде қарастару қажеттігіне назар аударғымыз келеді,- дейді «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары Абай Байқұлов.
Өзгелердің жаңалығы