Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Жылдам сән, яғни fast-fashion дегеніміз – жылдам қоқыс. Қазір киім өндірісі бұрынғыдан да қарқынды: төмен баға, жиі жаңаратын трендтер, апта сайын жаңа коллекция. Мұндай киімнің сапасы да бағасына сай – тез ескіреді. Күні кеше алған киіміміз көп ұзамай гардероб түбінде шаң басып жатады. Киілген, бірақ әлі жарамды киімдерді қайырымдылыққа беруге не арнайы қабылдау пунктеріне тапсыруға болады. Ал мүлде тозған, жарамсыз болып қалған киімді не істейміз? Ең тиімді экологиялық шешім қандай?

XXI ғасырдағы жылдам сәннің зияны

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Киім өндірісі қоршаған ортаны ластайтын ең ірі саланың біріне жатады. Табиғатты ластау жағынан мұнай өнеркәсібінен кейін екінші орында тұр.

Киім өндірісінің біз біле бермейтін шындығы тек матаны бояуға жылына 5 триллион литр су жұмсалады. Дүниежүзілік табиғи ресурстар институтының дерегіне сәйкес, әлемдегі өнеркәсіптік судың 20%-ы киім өндірісі салдарынан ластанады. Ал Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының есебінше, бір ғана мақта жейдені тігуге 2 700 литр тұщы су қажет екен. Яғни жылдам сәнге негізделген киім индустриясы тұтас экожүйеге ауыр салмақ салады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанға 2,2 миллиард АҚШ долларына 159,7 мың тонна киім импортталды. Эколог Ботагөз Садыбекова жылдам сән адамдардың киімді шамадан тыс көп сатып алуына себеп болып отырғанын айтты.

Жылдам сән – өте зиян. Мұны көп адам байқай бермейді, мән бермейді. Бірақ масс-маркет брендтері апта сайын жаңа коллекция шығарады. Бағасы "арзан" болған соң, адамдар "жеңілдік қой" деп ала береді. Көп киім сатып алып, шамадан артық тұтынады, - деді эколог.

Ал экобелсенді Меруерт Салықова экологияға жанашыр болу білімнен басталатынын айтты.

Экологиялық мәдениетімізді көтеру үшін экобілімімізді арттыру керек. Өйткені біздің қоғамда қазір бір футболканы не бір джинс шалбарды жеңілдікпен сатып алып, 1 жыл киіп, лақтыратын мәдениет қалыптасқан. Біз тұтынатын әрбір затты қалай өндірілетінінен бастап қарастыруымыз керек. Мысалға, бір джинс шалбарды шығаруға 15 мың литр су кетеді екен, - деді экобелсенді.

Сондықтан Меруерт Салықова киімнің оны алған адамға құндылығы жоғары әрі әр күнге шаққанда экологиялық ізі аз болуы үшін сапалысын таңдаған дұрыс деп есептейді.

Ғаламшарымыз үшін 500 теңгенің футболкасы мен 50 мың теңгенің футболкасына кететін ресурс бірдей. Ал біз үшін арзан заттың құндылығы төмен, лақтыра саламыз. Сондықтан киім алғанда құндылығы жоғары болуы үшін сапалысын, ақшамыз жеткенінше қымбатырағын алуға тырысуымыз керек. Өйткені сапалы бір киімді алып, оны 5-10 жыл кисек, оның әр күнге шаққанда экологиялық ізі аз болады, - деді экобелсенді.

Демек, арзан футболка мен қымбат футболканы өндіруге шамамен бірдей ресурс жұмсалады. Бірақ жылдам сән салдарынан сапасыз киімді сатып алып, оны тез тоздырып, қайта жаңасын алу табиғатқа көбірек зиян келтіреді және сапасыз әрі арзан киімге тағы сұраныс тудырады.

Сіз сатып алған сайын өндіріс иелері: "Ее, өтіп жатыр, демек өндірісімізді үлкейтуіміз керек" деп ойлайды. Өйткені сұраныс бар. Сондықтан сапасыз киімге сұраныс тудыра берсек, ештеңе өзгермейді, - деді Меруерт Салықова.

Эколог Лаура Мәлікова да киім өндіруге көп ресурс жұмсалатынын атап өтті. Мәселен, 1 тонна мақтаны өсіруге 10 мың тоннаға дейін су шығындалады екен.

Ол сәнге құмарлықтың балалар арасында да артып келе жатқанына алаңдайды. Оның ойынша, жас ұрпақты тым ерте сәнге баулу олардың экологиялық әдеттерді бойына сіңіруіне кедергі келтіреді.

Жарнамаға алданып, қайта-қайта киім сатып алу – экологияға да, әдет-ғұрпымызға да, өмір салтымызға да қайшы. Қазақ елінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қарасаңыз, табиғатпен үндесіп өмір сүруді үйретеді. Халқымыздың "Бір тал кессең, он тал ек", "Бұлақ көрсең, көзін аш", "Судың да сұрауы бар" деген мақалдарының өзі табиғатты құрметтеуге үндейді. Халқымыз табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын атап көрсеткен. Бір жерге кері әсерін тигізбеу үшін екінші жерге көшіп отырған. Себебі табиғат қалпына келіп үлгеруі керек. Мысалы, қайтыс болған адамның киімін де лақтырмайды. Бала-шағасы, туыстары бөліп алады. Бұл да біздің халықтың әдет-ғұрпындағы экологиялық мәдениет. Сондықтан осы бір мәдени құндылықтарды бала-шағамызға, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек, оларға үлгі болуымыз қажет, - деді ол.

Тозған киімді өртеу экологиялық шешім бе?

Киілмейтін киімді қайырымдылыққа беру мәдениеті қазір де бар. Ал киюге жарамайтын, тозған киімдерді Астана тұрғындары не істейтінін олардан сұрап көрдік. Жауап берген тұрғындар екі амалды қолданады екен: өртеу не болмаса қоқысқа тастау.

Алайда эколог Лаура Мәлікова тозған киімді үйде рұқсатсыз жағудың Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, заңсыз екенін ескертеді. Себебі қазіргі киімнің құрамы табиғи болмаған соң оны өртегенде ауаға улы заттар бөлінеді.

Кодексте қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды бұзу әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Бұл үшін жеке тұлғаларға – 20, лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 300, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 500 АЕК мөлшерiнде айыппұл салады.

Экологтың айтуынша, тозған киімді қоқысқа тастау – ең ұтымсыз шешім.

Экологиялық стандарттар бойынша қалдықтардың полигонда жатуы мүлде дұрыс емес. Полигонға жіберу – қалдықтарды басқарудағы ең қолайсыз, ең жағымсыз әдіс. Жасанды матаның кейбір түрлері полигонда 40 жылға дейін ыдырамай сақталуы мүмкін. Сондықтан ашық полигонда ондаған жыл жатып, жерасты суларына кері әсерін тигізгенше, арнайы фильтрі бар қондырғыда, жоғары температурада жағу экологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Киімді аулаға үйіп, бүкіл кварталды түтетіп жағуды айтып отырған жоқпын, - деді ол.

Экологтың сөзінше, қалдықтарды қауіпсіз жоюға арнайы қондырғы қажет. 

Бұл әдісті термиялық жолмен өңдеу деп атайды. Термиялық өңдеу қалдықтарды жоғары температурада жағып, энергия өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай қондырғыны шығаратын компаниялар бар. Қондырғы екі бөліктен тұрады: бірінші бөлігінде қалдық жанады, екінші бөлігінде сол қалдықтан шығып жатқан ластаушы заттар, газдар жанады. Қондырғының ішіндегі температура – 1000°C. Яғни осындай өте жоғары температурада, арнайы қондырғыда, қала деңгейінде жасалатын жоба, бір үйдің деңгейінде жасалатын жоба емес. Себебі ол қондырғы миллиондаған теңге тұрады, - деді Лаура Мәлікова.

Ол мұндай термиялық өңдеу қондырғылары Қазақстанда әзірге жоқ, бірақ болашақта іске қосылуы мүмкін екенін айтты. Термиялық өңдеу Экологиялық кодекстің "Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату" деген 324-бабында қарастырылған.

Тонна-тонна тоқыма: Полигондағы киімнің кесірі қандай?

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, 2023 жылы елімізде 429 390 тонна тоқыма қалдығы түзілген. Соның 43 289 тоннасы ғана қайта өңделген. Демек 2023 жылғы жалпы тоқыма қалдықтарының 90%-ы, яғни 386 101 тонна тоқыма қоқыс полигондарына тасталған. Жоғарыда айтқанымыздай, қоқыс полигонында жатқан киімнің толық ыдырауы да матаның құрамына байланысты әртүрлі болады.

Мақтадан жасалғандар 1 жылға дейін, жүн материалы 5 жылға дейін, ал полиэстер сияқты жасанды матаның түрлері 40 жылға дейін ыдырауы мүмкін, - деді эколог Лаура Мәлікова.

Алайда мақта, жүн сияқты табиғи талшықтардың қоқыс полигонында биоыдырауы ондаған жылдарға созылуы мүмкін екен. Өйткені оттегінің жетіспеуі ыдырау процесін баяулатады. Синтетикалық талшықтардың толық ыдырауы 200 жылға дейін созылуы мүмкін. Себебі нейлон, полиэстер, акрил, спандекс сияқты синтетикалық материалдар пластиктен жасалған. Әлемде өндірілетін киімдердің 60%-ы – синтетика.

Астанада күніне 1500 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі. Оны қоқыс полигонына апарады. Соның үстіне ертесіне тағы 1500 тонна, бүрсігүні тағы 1500 тонна қоқыс төгіледі. Ішінде тамақ қалдықтарынан сұйық заттар түзіледі. Сұйық заттар сол қалдықтың ішіндегі пластиктен болсын, киімнен болсын бөлінетін қауіпті заттарды сіңіреді. Экологиялық кодексте белгіленген стандарт бойынша қоқыс полигондарының астында арнайы қабат болмаса, сол сұйық заттар жерасты суларына өтіп, ішіп отырған суымызды, топырақты ластайды, - деп түсіндірді Лаура Мәлікова.

Эколог Ботагөз Садыбекова тозған киімнің де құнды ресурс екенін атап, оны қоқыс полигонына емес, қайта өңеуге жіберуге шақырды.

Көбі "киім – зиянсыз қалдық, тасталса, ештеңе етпейді, шіріп жата береді” деп ойлауы мүмкін. Алайда қазіргі таңда киімдердің құрамында синтетика көп мөлшерде болған соң ол ыдырап, шіріген сайын топыраққа, жерасты суларына, ауаға метан, көмірқышқыл газы және басқа да зиянды химиялық қосылыстар бөледі. Сондықтан біз бұған бейжай қарамай, керісінше тозған киімді қайта өңдеуге жіберіп, олардан жаңа дүние алуға ұмтылуымыз керек. Себебі әр зат, әр материал – құнды ресурс, - деді эколог.

Бұл мәселенің шешімі бар

Қазақстанда ескі тоқыманы қайта өңдеу ісі – жоқтың қасы. Тек Алматы қаласында биылдан бастап Fabriqa деп аталатын ескі тоқыманы жинау және қайта өңдеу жүйесі пайда болды.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

2022 жылы Қазақстанға көшіп, Алматы қаласында тұра бастадым. Сол кезде мұнда ескі тоқыманы жинау және қайта өңдеу жоғын байқадым. Пластик жинаумен айналысатын көптеген жоба бар, жақында тіпті батарея жинау басталды. Бірақ ешкім тоқыманы қайта өңдеумен айналыспайды. Мен 2019 жылдан бері Екатеринбургте тоқыма қалдықтарын қайта өңдеумен айналысқанмын. Сондықтан қазір Алматыда тұрып жатқан соң, бұған бейжай қарай алмайтынымды түсіндім және осында тоқыманы қайта өңдеумен айналысуды шештім, - деді жоба авторы Денис Лекомцев.

Денис тоқыманы қайта өңдейтін кәсіпорын ашуға 50 миллион теңге инвестиция тартты. Алдағы 1,5 жылда өтеуді көздейді. Қазір Алматы қаласында Fabriqa-ның ескі тоқыма жинайтын 40 боксының 12-сі қойылған. Әзірге айына 10 тонна тоқыма жиналады, өндірісте 8 адам жұмыс істейді. Барлық бокс қойылған соң өндіріс көлемін айына 100-150 тоннаға, ал штатты 30 адамға жеткізуді жоспарлап отыр.

Денис ескі тоқыманы жинау және қайта өңдеу жүйесін кезең-кезеңімен таныстырды.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Жинау. Қаланың әр жеріне сыртына "кез келген күйдегі киім мен тоқыма өнімдерін қабылдаймыз" деп жазылған бокстар қойылған. Олар ауа райының әсерінен, су басудан және басқа да жағдайдан қорғалған. Бокстарға тозған, бірақ таза ересектер мен балалар киімдерін, төсек-орын жабдығын, жастық, перде, тігін өндірісінен қалған мата бөліктерін салуға болады. Ал аяқ киім, шұлық, іш киім, капрон бұйымдары, жасанды былғары мен тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдар, жұмсақ ойыншықтар қайта өңдеуге қабылданбайды.

Бокстарға салынған киімнің 90%-ы қайта өңделеді. 45% тоқымадан қалпына келтірілген талшық жасалады. Тағы 45%-ынан сүртуге арналған шүберек дайындалады. 5% тоқыма қайырымдылыққа жіберіледі. Қайта өңдеуге жатпайтын қалған 5%-ы тоқыма қоқысқа кетеді, - деді жоба авторы.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Сұрыптау. Заттар мата түрлері мен қайта қолдануға жарамдылығы бойынша топтарға бөлінеді. Жақсы күйдегі киімдер мұқтаж жандарға беріледі.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Қайта пайдалануға жарамды тоқыманы қайта өңдеуге құқымыз жоқ, - деді Денис.

Қайта өңдеуге дайындық. Арнайы қондырғыда киімдер мен тоқыма өнімдерін кеседі. Мақсаты – фурнитурасын алып тастау не бөлшектеу.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Киімдерді бөлу арқылы сүртуге арналған шүберек дайындалады. Сүртуге арналған шүберек, қарапайым тілмен айтқанда, кесілген футболкалар. Оны автосервистерде, зауыттарда және майлы дақтары бар жерлерде сүртуге қолданады. Кесу қондырғысында киімдерді қалпына келтірілген талшық жасауға дайындайды. Материал кесілгеннен кейін ірі бөліктер шығады, оларды талшықтарға ажырату үшін арнайы машинаға жібереміз. Кесу әдісі арқылы фурнитурасын алып тастау өте ыңғайлы, өйткені қайта өңдеу машинасына ілгектер мен сыдырмалар түсіп кетсе, құрылғы тез істен шығады, - деді жоба авторы.

Қайта өңдеу. Арнайы жабдықтың көмегімен тоқыма материалдары талшыққа айналады.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Тоқыманы талшықтарға ажырататын машинаны өзіміз жасадық. Тоқыма талшықтарға ажыратылғаннан кейін одан талшықтар мен жіптер бөлініп шығады. Бұл мамық – жаңа материалдар жасау үшін пайдаланылатын талшық, - деді Денис.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Мақта тәрізді қалпына келтірілген талшықты қазір декоративті жастықтарды не жануарларға арналған төсеніштерді толтыруға қолданады. Бірақ өңделген тоқыма қалдықтарын пайдалану мұнымен шектелмейді.

Дайын өнім өндірісі. Денис қалпына келтірілген талшықтан терең өңдеу нәтижесінде жасалған, ғимараттардың дыбыс оқшаулауына арналған, ыдыс жуатын машиналарда жылу ұстау үшін пайдаланатын, матрастың ішінде серіппелі блокты сыртқы қабаттан бөлу үшін қолданатын, тоқымаға жатпайтын материалдарды көрсетті. Бұл үлгілер Еуропада тоқыманы терең қайта өңдеуге арналған арнайы жабдықта жасалған. Бірақ Денис болашақта сондай жабдықты тоқымаға жатпайтын материалдар жасауға емес, ескі тоқымадан жаңа жіп жасау үшін алғысы келеді.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Өйткені Қазақстанда тоқымаға жатпайтын материалдарды қажет ететін өндірістік кәсіпорын көп емес. Сондықтан оны шығару экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені тұтынушы саны аз. Ал басқа елдерге тасымалдау логистикасы барлық маржаны (таза табыс – ред.) жеп қояды, бұл өндірісті тиімсіз етеді. Ал жіп өндіруде үлкен көлемдегі шикізат қайта өңделіп, орау арқылы ықшамдалады, көп орын алмайды, - деп түсіндірді Денис.

Ол терең қайта өңдеу арқылы алынған жіптен тоқыма өнімдері жасалатынын айтты.

Тозған киімді қоқысқа тастамай, табыс көзіне айналдыру амалы бар

Мұны жасауға болады, ойдан шығарылған нәрсе емес. Мұндай жабдық бар, бағасы да ақылға қонымды. Оны тек сатып алып, орнатып, қайта өңдеуді бастау қажет. Біз дайын жіп өндіреміз, соны кейін мата жасауға пайдаланады. Ал одан киім тігуге болады. Айта кету керек, көптеген ірі бренд қазір қайта өңделген тоқыманы пайдаланады, - деді ол.

Қайта өңдеу арқылы алынған жіптің сапасы содан тігілетін жаңа матаның сапасына әсер етпейді екен. Мұның себебін Денис былай түсіндірді:

Қолдану барысында талшық белгілі бір дәрежеде тозғанымен, оған жаңа материалдар – жаңа мақта немесе жаңа синтетика қосылады. Осылайша, толыққанды, сапалы жіп алынады.

Денис Fabriqa жүйесін Алматыда жолға қоюға жарты жыл қажет деп есептейді. Кейін инвестор табылса, өндіріс филиалдарын Қазақстанның басқа қалаларынан да ашуға дайын. Ал шикізат көлемі көбейгенде Еуропадан тоқыманы терең қайта өңдеуге мүмкіндік беретін құрылғылар желісін сатып алуға кіріспек. Жалпы тоқыма өнімдерін терең қайта өңдеу ісі Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда жоқ екен. Бірақ Еуропа елдерінің тәжірибесі мұның тиімділігін көрсетіп отыр.

Қайта өңдеу – панацея емес

Елімізде ескі тоқыманы қайта өңдеуді енді қолға ала бастады. Бұл қадам қоқыс полигондарына тасталатын тоқыма қалдықтарының көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, 1 келі тоқыма қалдығын қайта өңдеу арқылы атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін 3,6 келіге дейін азайтуға болады. Дегенмен, экобелсенді Меруерт Салықова қайта өңдеуді әмбебап шешім, яғни панацея ретінде қарастыруға мүлде болмайтынын айтты.

Қайырымдылық қорларына беру, қайта өңдеу дегеніміз – панацея емес. Сондықтан саналы тұтыну мәдениетін арттырып, трендке, әр нәрсеге қызыға бермей, өзімізге қажет затты ғана алуымыз керек. Шкафымызда 10 немесе 15 футболканың болғаны түкке де қажет емес. Бізге 2-3 футболка болса, соны жақсылап үйлестіріп кие алсақ, сол экологияға пайдасын тигізеді. Қайырымдылық қорына, қайта өңдеуге тапсырамын деп жаңа заттарды үсті-үстіне ала берсек, бұл экологиялық шешім болмайды, - деді ол.

Сондықтан қоқыс полигондарына тонналап тасталатын тоқыма қалдықтарын азайтудың амалы тозған киімді қайта өңдеумен шектелмейді. Онымен бірге экологияға жанашырлық пен саналы тұтыну мәдениетін көтеру керек. Ал ол үшін үздіксіз ақпараттық үгіт-насихат арқылы экобілімді арттыру жұмысы қатар жүруі шарт.

 

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab ІІ жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді. 

Бөлісу:

Фото: автордан