Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия басталғалы онсыз да тоқтап қалған тойды тіпті "2 жылға, 5 жылға дейін шегеріп, мораторий жариялайық" деген ұсыныстар көбейді. Бұдан не ұтамыз?
Қазақ халқының: "Жиған-тергенің тойға шашылсын", "Той – Тәңірдің қазынасы", "Тойдан кенде қылмасын", "Тойда жолығысайық", "Той десе қу бас домалайды" деген мақалдары жетіп артылады. Осының біразын тойдағы тілек кезінде айтып үлгереміз. Бірақ соңғы кезде тойдың төңірегінде дау-дамай көбейіп кетті. Қыста, көктемде несие алып, жазда үлкен той жасаймын дегендердің көбісі осы күні не істерлерін білмей жүр. Үкіметтің өзі нақты ештеңе айтпайды. "Аурудан құтылайық, көреміз" дегеннен аспайды. Сосын пысықтық танытып, арасында шағын үлгіде тығылып өткізгендері де бар. Тіпті, кейбірі ұсталып, айыппұл да төлеп жатыр.
Биыл қызымызды ұзатамыз деп, 20 наурызға ұзату тойын белгілегенбіз. Ақпан айында несие де алып қойдық. Барлық дайындықтарын жасағанбыз. Қаншама шығын кетті. Дәл сол кезде елде төтенше жағдай басталып, тойды тоқтаттық. Сосын жағдай жазда реттелер деп, шілдеге ауыстырғанбыз. Бұл жолы тағы қалды. Енді үкімет нақтысын айтса. Өйткені той жасаймыз деп жүргендердің көбісі әр түрлі болжам жасап әлек. Биыл той мүлдем болмайды десе, біржола күдерін үзіп отырады ғой. Енді ауру азайып, карантин шектеулер алынса, күзде рұқсат бере ме, жоқ па, тағы белгісіз. Біздің сұрайтынымыз, нақты жауабын айтса екен, - дейді алматылық тұрғын Күміс.
Жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" газетіне шыққан сұхбатында той туралы айтқаны бар.
Қазір "Тойың тойға ұлассын" деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті, осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік, - деген еді Президент Тоқаев.Бірақ бұл сөз де жай болып қалды-ау. Елде 5 шілдеден бастап 14 күнге күшейтілген карантиндік шектеулер басталды. Сондай кезде астананың туған күнінде елорда әкімдігі отшашу ұйымдастырды. Бұл елдің ашуын тудырды. Көңілін емес, қызуын көтерді. Енді осыдан кейін билік басындағылардың елге "той жасамаңдар" деуге моральдық құқығы бар ма? Қазақта "алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы дөңгелегі солай жүреді" деген сөз бар. Жоғарыдағылар өздері тойды тоқтатпаса, басқаларды қалай бөгемек? Бұл жағы бізге түсініксіз.
Ал мораторий жасайық деп жүргендерге келетін болсақ, карантин кезінде осы ұсынысты бастағандардың бірі, ақтөбелік филолог Оралбек Өтеғұлов болатын. Ол 5 жылға дейінгі мерзімде шектеу қоюға қатысты шұғыл түрде заң қабылдау қажеттігін айтып, президентке хат жазатынын айтып жүр.
Мен осы саланы 10 жылдан астам уақыттан бері зерттеп келемін. Қазақстанның қай қаласына бара қалсаңыз да, құжынаған тойханаларға кезігесіз. Сол тойханаларда жұмыс істейтін қазақтың өрімдей жас қыз-жігіттері. Оларды кем дегенде 5-10 сағат жұмыс істетіп, 1500-2000 теңгенің көлемімен қатырады. Ыдыс сындырып алса, ол да жоқ. Бұл адам еңбегін таза қанау ғой. Даяшы болып жұмыс істейтіндердің кейбіреулері тіпті 18 жасқа да толмаған. Әрине, мен еңбектен қашсын демеймін, бірақ еңбек адал төленуі керек. Кем дегенде сағатына 1000 теңгеден төлеуі керек, - дейді Оралбек Өтеғұлов.Ол өзі жоғары оқу орындарының бірінде сабақ беретін ұстаз болғандықтан шәкірттерінің көбі даяшы болып жүргенін айтады. Сосын түні бойы тойда жүріп, таңертең сабаққа кешігеді дейді.
Көптеген проблема осы жерден шығады. Қоғамда біліксіз дәрігерлер, біліксіз мұғалімдер, біліксіз мамандар көбейіп, ЖОО айтылатын сын да көбейе түсті. Бәріңіз білетіндей, білім беру, бұл - екі жақты процесс. Білім алушының өзінің ниеті, қызығушылығы, ынтасы болмаса, қанша жерден үздік мұғалім немесе оқытушы болса да, ештеңе шықпайды. Жасаған еңбегі кұмға сіңген сумен тең. Ал енді түнімен тойда жұмыс істеп, ұйқысы қанбай жүрген студенттер мен оқушылардан қандай сапалы білім талап ете аламыз, - дейді филолог.Ол тойға шығып, қарапайым халықтың қалтасын тонайтын әртістерді "паразиттер" деп атаймын деп отыр.
Олар - таза паразиттер. Сондықтан мен қоғамды осындай паразиттерден тазарту үшін тойханаларда той жасауға 5 жылға дейін мораторий жариялауды ұсынар едім. Бұл не береді дегенге келсек, қоғамда той бизнесі тоқырап, басқа салалардың дамуына үлкен мүмкіндік болар еді. Тойханалардың орнына біраз ірілі-ұсақты кәсіпорындар ашылып, көптеген адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болар еді. Студенттерге де жұмыс табылады. Тойға шығады деп оларды да кінәлауға болмайды. Олар амалсыздықтан шығады. Басқа жұмыс орындары болмағаннан. Сөздің шыны керек, сол тойда қолданатын қалыңдықтың көйлегінен бастап, алдынан қиятын лентасына дейін, керек десеңіз, әртіс-паразиттердің қолына алатын микрофонына дейін өзіміз өндіре алмаймыз. Шет елдерден сатып әкелеміз. Осыдан соң қай жерімізге жетісіп той тойлаймыз? - дейді Оралбек Өтеғұлов.Ал ҚР президентінің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин тойды екі жылға шектейік деп отыр.
Жаһандық пандемия бір жыл емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болжағандай 2022 жылға дейін созылуы мүмкін. АҚШ ғалымдары вирустың таралу қарқынын ескере келе, COVID-19 алдағы 1,5-2 жылда тынышталмайтынын айтты. Егер адамдар жаппай ауырып қалса, ешқандай денсаулық сақтау жүйесі ауыртпалыққа төтеп бере алмайды. Егер қызметкерлер үйлену тойлары, мерейтойлар мен құдайы тамақтан кейін жұмысқа келетін болса, көптеген адамға жұқтырары анық. Ол кезде бізді ешкім қорғамайды. Балабақшалар мен мектептердегі балалар - одан да көп. Балалар тез жазылады, бірақ бұл коронавирустың зардаптары неде екенін әлі ешкім білмейді. Балалар COVID-19 індетін үйге келіп, жақын адамдарына, ата-әжелеріне жұқтыруы мүмкін, - деді Аружан Саин.Сонымен қатар, Саин атап өткендей, адамдар тіпті той үшін несие алады, ал қазір пандемия салдарынан экономикалық дағдарыс кезінде көптеген адам несиені төлеуге қиналады.
Бұл екеуінің айтқаны әнші Айқынға ұнамай қалды.
Неге бұл мәселе дәл қазір көтеріліп жатыр? Басқа шешілмеген мәселелер жоқ па? Әрине, қазір той тойлайтын заман емес. Бірақ бұл карантин де бітеді ертең. Сонда не болады? Байқасаңыздар, көбіне тойға тиісетін және тойды бос әуре санайтындар орыстілді тәрбие көріп өскендер. Оларды да түсінуге болады. Олар той дегенді тек "үйлену тойы" деп қарастырады. Тойды тек мейрамханадағы отырыс ретінде қарастырады. Қайдан білсін, "тойдың болғанынан, боладысы қызық" және тұнып тұрған салт-дәстүр мен дайындық екенін, - дейді әнші.
Оның айтуынша, азаматтардың жеке шығындарына араласуға ешкімнің құқығы жоқ. Тек мемлекеттік бюджет есебінен өткізілетін мерекелерге тыйым салуға болады деп санайды.
Қазір тойды тоқтатқаннан да әлдеқайда өзекті мәселелер бар. Ал тойды өткізбеу керек деп есептейтіндер популистер. Тойға тыйым салғанымен бәрі жақсы болып кетеді деп ойлайсыздар ма? Қателесесіздер. Жұрттың қалтасына бас сұқпай, басқа да проблеманы шешу керек. Басқа мекемелердің барлығы ашылған уақытта не себепті той саласы ғана екі жылға жабылуы қажет? Ақылға қонымсыз. Пандемиядан кейін не болатынын қазірден бастап ойластыру керек. Шағын бизнес бүгінде тұншығып жатыр. Ол мемлекет көмегіне зәрі болуда. Оған тыйым емес, қолдау нағыз қажет, - дейді Айқын.Көрші Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев той бизнесін ретке келтіру туралы заң да қабылдап тастады.
Заңмен бекітілгендей, мемлекетте отбасылық той мен шараларды сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін ғана өткізуге болады. Сонымен қатар палау тартудан басқа жағдайларда, тойды бірнеше күнге созуға тыйым салынған. Қалалық және аудандық кеңестер палау тарту уақытын "жергілікті жағдайға байланысты" белгілей алады. Отбасылық іс-шараларға 200 адамға дейін, ал екі жұптың тойы болғанда 250 адамға дейін қатысуға рұқсат берілген. Той кортежінде жүретін көліктердің саны үш жеңіл автокөліктен аспауы тиіс. Өзбекстан қабылдаған заңда тағы да: "Ұлттық салт-дәстүрге сай келмейтін, шығыны көп ырым-жырымдарға да жол берілмейді, – деп жазылған.Айтпақшы, қаншама даңғаза тойлар жасалғанмен, ажырасу азаймай тұр. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтерін қарасақ, 2019 жылы ресми түрде 59,8 мың жұптың некесі бұзылған. Ал биыл жыл басынан бері 11 адамның дәм-тұзы жараспаған. Бұл арыз беріп, ажырасқандар. Ал бейресми түрде бөлініп кеткендер қаншама? Осының негізгісі әлеуметтік жағдайға байланысты екені жасырын емес.