Той өткізгендер жауапқа тартылды

22 Қыркүйек 2020, 13:25
1739
Бөлісу:
Той өткізгендер жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінде мониторингтік топтардың жұмысы барысында соңғы аптада 10 нысанда және 51 жеке тұлғаның карантин режимін бұзғаны анықталды. Салынған айппұлдың жалпы сомасы - 5 млн тг. Әкімшілік соттың қарауына бір материал тапсырылды.


Мониторингтік топтар жалпы осы жылдың 17 тамызынан бері ШОБ-тің эпидемиялық талаптарды сақтауына қатысты 9 мыңнан астам тексеру жүргізді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 3801 хаттама толтырылды. 2693 жеке тұлғаға маска режимін бұзғаны үшін айыппұл салынды. ШОБ-тің 1635 субъектісі өз еріктерімен қызметтерін тоқтатты. Сотқа 19 материал тапсырылған.

Негізгі тәртіпбұзушылықтар - маска режимінің сақталмауы, жұмыс режимінің бұзылуы, дезинфекциялық құралдардың жоқтығы, сонымен бірге жаппай көпшілік шараларды ұйымдастыру.
Осы жылдың 18 қыркүйегінде Жетісу ауданы, Жангелдин көшесі, 193 мекен-жайында орналасқан «Данияр» мейрамханасында заңсыз «Ұзату той» өткізілгені туралы ақпарат келген. Одан кейін жедел түрде мониторингтік топ Жетісу ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп тексеруге барған. Банкет 50 адамның қатысумен өткізілген. Жеке кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚ туралы Кодексінің 425-бабының 1-тармағы бойынша 230 АЕК мөлшерінде әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылды, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Одан бөлек, осы жылдың 20 қыркүйегінде түнгі уақытта Медеу ауданында жекеменшік үйде «Құдалық» өткізіліп жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Мониторингтік топтың Медеу ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп тексеруінің барысында ақпарат расталды. Жеке тұлғаларға (шара ұйымдастырушыларына) қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылған.
Сонымен бірге, Әуезов ауданының мониторингтік топтарының жұмысы барысында «Мята» кафетериінің түнгі 23-00-ден кейін жұмыс істегені, сондай-ақ, адамдардың көп топтасып, жиналғаны анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 425-бабының 1-тармағына сәйкес, 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бас мемлекеттік дәрігердің 2020 жылдың 15 тамыздағы №56 Қаулысына сәйкес, отбасылық мерекелерді, есте қаларлық шараларды (үйлену тойлары, мерейтойлар, құдайы тамақ) өткізуге, сонымен бірге, үйге көп адамның келуіне қатысты салынған тыйымның сақталатынын атап өткен жөн. Бұл шаралар коронавирус инфекциясының таралу қаупін төмендету үшін қажет, - делінген ақпаратта.
Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен 26 мониторингтік топ карантин шараларының сақталуын бақылау мақсатында жұмыс істейді. Мониторингтік топтардың құрамына аудан әкімдіктерінің өкілдері, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің, сонымен бірге, полиция қызметкерлері енген.


Өзгелердің жаңалығы