Райымқұлова Бүкіләлемдік туризм күнімен құттықтады

27 Қыркүйек 2020, 16:39
2165
Бөлісу:
Райымқұлова Бүкіләлемдік туризм күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook-тегі парақшасында туризм саласына үлес қосып жүрген азаматтарды Бүкіләлемдік туризм күнімен құттықтады.

Құрметті туристік сала қызметкерлері! Сіздерді және осы саланың дамуына өз үлесін қосқан барлық азаматты жарты ғасырдан астам уақыт бойы аталып келе жатқан Бүкіләлемдік туризм күнімен құттықтаймын, - деп жазды министр.

Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде туристердің келуіне қолайлы болуы үшін барлық қажетті жағдай жасалуда. 

Инфрақұрылым дамып, нормативтік-құқықтық база мен кадрлық әлеует жетілдірілуде, мемлекеттік қолдау шаралары енгізіліп, жаңа объектілер салынуда, сондай-ақ, қызмет көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілуде. Туризм еліміздің кең байтақ жерін аралауға және тарихи-мәдени нысандармен танысуға қызығушылығы артып келе жатқан адамдар өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады, - деді ол.

Райымқұлова пандемияның туризм саласына әсерін де айтып өтті.

Пандемияның бүкіл саяхат индустриясына үлкен өзгерістер енгізгені сөзсіз, бірақ біз, осыған қарамастан, карантиндік шектеулердің әсерін жеңілдететін бірқатар шараны бірге әзірлеп, енгіздік. Бұл ретте туристік қоғамдастықтың аталған процестердің барлығына белсенді қатысқанын ерекше атап өткім келеді. Осы жылдың барша қиындықтарына қарамастан, сіздер батылдық сақтап, саламыздың одан әрі жұмыс істеуін жалғастыруы үшін күш салып келесіздер, - деді министр.

Министр ішкі туризмнің дамуына қандай жағдайлар жасалып жатқанын айтты.

Бүгінде жағдай бірте-бірте тұрақтануда және Қазақстан саланы қалпына келтіру үшін, сондай-ақ одан әрі дамыту жөніндегі қосымша шаралар қабылдау үшін қажетті ресурстарға ие. Нәтижесінде, заңнамалық деңгейде кәсіпкердің инвестициялық шығындарының бір бөлігін өтеу, салықтық және кедендік артықшылықтар беру, келу туризмі саласындағы туроператорларды субсидиялау, 15 жасқа дейінгі балалар үшін ел ішінде туристік мақсаттарда тегін ұшуды ұсыну сынды және өзге де шаралар енгізілуде. Осы шаралардың барлығы біздің ішкі және келу туризмін дамыту саласындағы ұстанымдарымызды күшейтуге мүмкіндік береді, - деп қосты Райымқұлова.

Ол осы салада тынбай еңбек етіп жүрген жандарға жаңа туристік өнімдер мен сенімді серіктестік тіледі.

Қымбатты достар, сіздерге шыдамдылықтарыңыз бен саланы дамытуға деген нық сенімдеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Баршаңызға зор денсаулық, ойдағы жоспарларыңыздың табысты жүзеге асуын, сенімді серіктестер мен жаңа туристік өнімдер тілеймін!, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы