Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде есірткі зертханалары анықталып, олардың көзі жойылды. Бұл туралы ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әміртаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде 5-9 ақпан аралығында “Тосқауыл” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Халықпен ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілді, әсіресе жоғары сынып оқушылары мен студент жастарға баса назар аударылды. Есірткіге қарсы іс-шараларға ішкі істер органдарының және Ұлттық ұланның жеке құрамы, әкімдіктердің қызметкерлері, денсаулық сақтау және білім беру салаларының өкілдері, жастар саясатының жетекшілері, үкіметтік емес сектор және еріктілер жұмылдырылды. Полицияның бастамасы бойынша халықпен кездесулер, оқу мекемелерінде 356 дәріс, 18 акция, 10 дөңгелек үстел және нарколог-дәрігерлерді, тәжірибелі ұстаздар мен психологтарды, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерін шақырумен 55 кездесу өткізілді, - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ еліміздегі есірткі зертханалары мен оларды тасымалдаушылар туралы да айтты.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтілді. “Тосқауыл” операциясы кезінде төрт есірткі зертханасы жойылды. Алматыда синтетика өндіретін есірткі зертханасы таратылды. Полицейлер 13 кг “мефедрон” синтетикалық препаратын, сондай-ақ оларды өндіруге арналған реакторлар мен түрлі жабдықтарды тәркіледі. Сондай-ақ елдің ең ірі мегаполисінде полиция қызметкерлерімен Mercedes автокөлігі тоқтатылып, оны тексеру кезінде жалпы салмағы 3,7 кг “альфа-РVР” синтетикалық есірткісі салынған 10 полиэтилен пакет табылды»,-деді спикер.
Ал жалпы операцияның қорытындысы бойынша барлығы 258 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, олардың ішінде есірткі өткізудің 58 фактісі, аса ірі көлемде сақтаудың 40 фактісі және есірткі контрабандасының 7 фактісі анықталды.
Заңсыз айналымнан 144 кг жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 30 кг синтетика, 110 кг марихуана, 3 кг гашиш және 800 грамм трамадол тәркіленді. Ішкі істер министрлігімен осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.