Төрт түлікті емдеу – тынымсыз еңбек пен аса жауапкершілікті талап етеді

5 Мамыр 2021, 10:37
2619
Бөлісу:
Төрт түлікті емдеу – тынымсыз еңбек пен аса жауапкершілікті талап етеді
Сұхбат

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мал өсіру – ежелден келе жатқан ата кәсібіміз. Ол – бүгінде ауылдықтардың негізгі күнкөрісі. Кейінгі кезде түрлі мал аурулары көбейіп кетті. Демек ветеринария саласын дұрыс жолға қоймай, ел еңсесі көтерілмейді.

Бұл тақырып Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жандар Қоекеевпен әңгімемізде сөз болды.

– Төрт түліктің бабын таппай, елдің бағы ашылмайтынына жұрттың Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ анық көзі жеткен. Сол кездерде белең алған аусыл, сарып аурулары ауылдықтарды үлкен әбігерге салғаны есімізден шыға қоймаған болар. Сол кездерде аталған індеттер ауылдағы ағайынға елеулі шығын шектірген. Қадағалау және сауықтыру жұмыстарының нәтижелі жүргізілуіне байланысты бұл кеселдердің ошақтарын жоюға да қол жеткізілді. Оның үстіне, біздің Жамбыл облысы буферлік, яғни Қырғыз Республикасымен шекаралық аймақта орналасқан. Мұның өзі өңірдегі осы саланың мамандарына үлкен міндет жүктейді.

Бұл мамандықтың басқаларға қарағанда біраз ерекшеліктері бар. Төрт түлікті емдеу – уақытпен санаспайтын тынымсыз еңбек пен аса жауапкершілікті талап етеді. Оның үстіне жалақысы аз болғандықтан, бұл жұмысқа көп жастардың беттегісі келмейді. Осы салада республика бойынша 5000-нан астам ветеринар жетіспейді.

Тілші: Ал Жамбыл облысында ветеринария саласының жұмысын жандандыруға, мамандарды тұрақтандыру жолында қандай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда?

– Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы жануарларды аурудан қорғау бойынша бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратыны белгілі. Сонымен бірге, елді мекендердегі халық денсаулығын жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғайды, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Біздің жұмысымызда бірдейлендіру маңызды іс-шараның бірі болып табылады. Бірдейлендіру – жұқпалы ауруларға жол бермеу және мал ұрлығының жолын кесу мақсатында қолға алынғанын білеміз. Қазір барлық мүйізді ірі қара мен уақ малға құлақ жапсырмалары салынады. Жылқыларға чип енгізіледі.

Атқарылған жұмыс толық компьютерлік базаға енгізіледі. Ветеринария саласындағы эпизоотиялық тұрақтылық облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер беретін факторлардың бірі. Бізге қарасты Тараз қалалық және аудандардағы ветеринария ұйымдары мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізеді. Бұған қоса 25 ауруға қарсы диагностикалық іс-шараларды жүргізуге сынамалар алып, ветеринариялық зертханаға жеткізеді. 2021 жылы эпизоотиялық іс-шараларға 2,4 миллиард теңге және знзоотияға қарсы 250 миллион теңге қаржы бөлініп, бұл бағыттағы жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.

Тілші: Ветеринарлардың жұмысын жеңілдету үшін біраз шаруаны қолға алыпсыздар. Ал олардың біліктілігін көтеру мәселесі назарда ма?

– Жамбыл облысы бойынша Тараз және аудандар аумақтарында 11 ветеринарлық станса және 160 ветеринарлық пункт бар. Қазақ Ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университеті тарапынан ветеринариялық стансалар мен пункттерде қызмет атқаратын мамандарды заманауи емдеу, диагностикалау әдістерін оқу, үйрету семинарлары өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Қолдан ұрықтандыру бойынша республикалық малды асылдандыру орталығы «Асыл түлік» АҚ таяуда Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжі базасында мамандарды оқытып, оның қорытындысы бойынша 138 мал дәрігеріне қолдан ұрықтандыру технигі деген сертификат берді. Бұл – жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың таралуын азайтуға септігін тигізеді. Өңірдегі асыл тұқымды малдың басын арттыруға ықпал етіп, кәсіпорынның ақылы қызметтен қосымша табыс табуына мүмкіндік береді.

Сөз орайында айта кетерлігі, мамандардың жұмысын жеңілдету және мал иелерінің уақытын үнемдеу мақсатында келешекте қашықта орналасқан елді мекендердегі ұсақ малды эктопаразиттерге қарсы шомылдыруға арналған автокөлікке тіркеме ретінде қолданатын жылжымалы тоғытпа, емдеуге арналған құрсау құрастырылуда.

Тілші: Тараз қаласында, облыс аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтар азаймай келеді. Тұрғындар тарапынан осыған қатысты арыз-шағымдар да көп екенін байқап жүрміз...

– Дұрыс айтасыз. Алайда бұл аталған бағыттағы шаруаның мардымсыздығынан емес. Айталық, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу мақсатында оларды аулауды ұйымдастыру іс-шараларының жоспары бекітілген. Соған сәйкес, таяуда Тараз қаласы аумағында оларды гумандық жолмен, яғни құрық, арнайы ілмек, тор арқылы аулау үшін 10 бригада жасақталып, жұмыс істеді. Сондай-ақ қала тұрғындары арасында қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау бойынша ақпараттық ағарту жұмыстары өткізілді.

Сонымен қатар ветеринария басқармасының бастамасымен қала аумағынан тыс орналасқан елдімекендерде ауланған иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орны ұйымдастырылып, ауланған жануарлар автокөлікпен тасымалдануда. Мұндай жұмыстар жыл бойы толастамайды, жалғаса береді.

Тілші: Салада мамандарды тұрақтандыру үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Бүгінде Жамбыл облысында ветеринар болып қызмет етіп жүргендердің көпшілігі зейнет жасына жақындап қалды. Жастар бейнеті көп, жалақысы аз, жұмыс істеуге қолайлы жағдай аз жасалған салаға келгісі келмейді. Бүгінде өңірдегі 11 ветеринариялық стансаның 8-і және 160 ветеринариялық пункттің 98-і ғана қызметтік ғимараттармен қамтылған. Мал дәрігерлерінің айлық жалақысы – 110 мың теңгенің шамасында. Басқа да шешімін таппай отырған өзекті мәселелер баршылық.

Ветеринариялық стансалар мен пункттерге қызметтік «Нива» автокөліктері 2013 жылы берілген болатын. Олардың да таулы, құмды жерде көп жүретіндіктен, әбден тозығы жеткен. Сондықтан да, саланы заманауи үлгіге сай жаңғырту үшін арнайы құрал-саймандармен жабдықталған «УАЗ 3909» автокөліктерімен қамтамасыз етуге басқарма тарапынан облыстық бюджеттен қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім жолданды. Жас мамандарды тұрғын үймен қамту, бір реттік көтерме қаражат төлеу жағы да қарастырылуда.

Бұл бағыттағы ізденістеріміз нәтижесін беретініне сенімдіміз.

Тілші: Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы