Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Сырым Ертаев Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға төрт түлік малдың жүн-терісі жөнінде сауал жолдады.
Мәжілісінің депутаты сауалында халықпен кездесу барысында ауылдық жерлерде төрт түлік малдың терісін өңдеуге ешқандай мүмкіндік жоқ екеніне көз жеткізгенін айтты.
Атап айтқанда, еліміздегі төрт түліктің терісі мен жүніне келсек, 2021 жылы 130 мың бас жылқы, 1 миллион бас ірі қара, 1,5 миллион бас ешкі мен қой сойылған. Осы жылдың 5 айында 60 мың басқа жуық жылқы, 350 мың бастай ірі қара, 550 мың бас ұсақ мал сойылған, - деді ол.
Сырым Ертаев зерттеу бойынша, осы жылдың басынан бастап жылқы терілерін экспорттау мүлдем болмағанын және отандық тері өңдеушілер де өңдемегенін айтты. Ал ірі қара малының 66500 дана терісі экспортқа кеткен. Зерттеу деректеріне сәйкес, ұсақ мал – ешкі мен қой терілері экспортқа мүлдем шықпаған және елде де өңделмеген.
Осыған байланысты депутат халық теріні амалсыздан ауыл маңындағы күл-қоқысқа тастауға мәжбүр екенін айтып, мәселенің мынадай шешу жолдарын ұсынды.
1.Қазақта мынадай нақыл сөз бар:
Алтынды еріте білмеген ірітер,
Теріні илей білмеген шірітер.
Қазіргі таңда біздің ел шірітіп жатыр. Себебі тері мен жүнді экспорттауға кедендік баж салығы қойылған. Яғни теріні шетелге сататын болсаң, тоннасына 200 € төлейсің, яғни 100 мың теңге. Сондықтан теріні шетелге шығару тиімсіз болып отыр. Олар басқа елдерден нарығын тауып алды. Кедендік баж салықты алып тастап, шетелдік нарықты қайта табуларыңыз керек.
2. Жүнге келетін болсақ, онда да 10% баж салығы бар.
Мысалы, 1 миллион $ жүн алса, 100 мың $ төлеу керек болады. Мұндай салықтан кейін қандай ел біздің төрт түлік малдың жүн-терісін алады? Тері жүнді кедендік баж салығын алып тастау үшін бірқатар министрлік өкілдерімен хабарласып, осы мәселе бойынша сөйлескенде, барлығы дұрыс деп келіседі және ведомствоаралық комиссия да талқыланып жатыр деп жауап береді. Бірақ бұл үлкен проблеманы сіздер талқылап жатқанда экологияның тас талқаны шығып жатыр.
3. 1 жылда 1 миллион қой сойылады. Бір қойдың терісін 500 теңгеден қабылдайтын болсақ, 500 миллион теңге болады. Сонда ауылға қаржы кіре бастайды, халық жұмыспен қамтылады. Бастысы, табиғатымызды қорғаймыз. Тері өңдейтін зауыттарға пайызсыз несие, бәсекелестікке шыдайтындай айналымға қаржы беру керек. Яғни қаржы беру арқылы қолдау керек.