Қазақстанның бірнеше өңірінде мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарының жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталмау қаупі бар. Осыған байланысты ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова жауапты тараптарды атап, оқу процесінің қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталмауына ең алдымен жергілікті атқарушы органдар жауапты.
Ең алдымен жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Кей жағдайларда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде мердігерлерге байланысты мәселелер туындайды. Өкінішке қарай, кейбір жеткізушілер өз міндеттемелерін толық орындамайды. Дегенмен бұл жағдайлар оқу процесінің ұйымдастырылуына ешқандай әсер етпейді, – деді Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Вице-министрдің сөзінше, министрлік аталған өңірлердегі жағдайды күн сайын бақылап отыр.
Біз күнделікті мониторинг жүргізіп жатырмыз. Барлық балалар үшін 1 қыркүйектен бастап оқу процесі ұйымдастырылады. Егер қандай да бір мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмаса, оқушылар уақытша басқа ғимараттарда білім алады. Бұл – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шара, – деді ол.
Сонымен қатар кейбір мектептерде жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталғанымен, абаттандыру жұмыстары жалғасады.
Кейбір білім беру ұйымдарында 1 қыркүйекке дейін ішкі жөндеу емес, тек мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары толық аяқталмайды. Мұндай мектептерде оқу процесі өз ғимаратында жалғаса береді, бірақ балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауда болады, – деп түсіндірді бірінші вице-министр.
Төрт мектепте оқу уақытша басқа ғимаратта өтеді
Шынар Ақпарованың мәліметінше, биыл елімізде ондаған мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жоспарланған мектептердің басым бөлігінде жұмыстар аяқталды. Ал 27 мектепте тек абаттандыру жұмыстары жалғасады. Бұл оқу процесіне әсер етпейді. Мұндай мектептер Алматы, Атырау және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында орналасқан, – деді ол.
Ал төрт мектепте жөндеу жұмыстарының аяқталмауына байланысты оқу процесі уақытша бейімделген басқа ғимараттарда ұйымдастырылады. Олардың екеуі Алматы облысында, біреуі Қарағанды облысында және тағы бірі Қостанай облысында орналасқан.
Бұл – бар болғаны төрт мектеп. Біз олардың барлығын ерекше бақылауда ұстап отырмыз. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта аталған нысандардағы жұмыстардың дайындық деңгейі 57 пайыздан 80 пайызға дейін жетті, – деді Шынар Ақпарова.
Вице-министрдің айтуынша, жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуіне қарамастан, барлық мектепте жаңа оқу жылы уақытылы басталып, оқушылардың білім алу құқығы толық қамтамасыз етіледі.