Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстаннан шыққан тұңғыш дәрігер Мұхамеджан Қарабаев 1888 жылы Қостанай уездік дәрігер лауазымына тағайындалған. Осылайша Тобыл-Торғай өңірінде денсаулық сақтау саласының тарихы бастау алды.
Бүгінде Мұхамеджан Қарабаевтың даңқты ісін 8 мың мыңға жуық ақ халатты абзал жан (саладағы жалпы қызметкерлер саны 14 мыңнан асады) жалғап келеді. Солардың бірі – Қостанай облыстық балалар ауруханасының рентгенологы, 34 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты дәрігер Жұмабике Омарова.
Жұмабике Мейірімқызы 1962 жылы Жанкелдин ауданы, Көкалат ауылында туған. Көп балалы отбасынан. 1985 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтының педиатрия бөлімін бітірген. Арқалық қаласында бір жыл интернатура өтіп, туған жерінде жұмыс істеуге жолдама алады.
«15 жыл Торғайдағы аудандық ауруханада балалар бөлімшесінің меңгерушісі, педиатр, учаскелік дәрігер сияқты жұмыстарды атқардым. 2001 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қостанайға көшіп келдік. Дәрігер-рентгентолог ретінде қайта даярлаудан өтіп, қалалық балалар ауруханасына жұмысқа тұрдым. Бүгінге дейін осында еңбек етіп жатырмын. Медицина саласындағы қызметіме тамыз айында 34 жыл толады», - дейді дәрігер.
Ол еңбек жолын туған жерінен бастағанын үлкен бақыт санайды. Қызметте абыройға кенелуін елдің ақ батасымен байланыстырады.
«Мен үшін Торғайдағы жұмысым – үлкен мектеп. Білікті дәрігерлер Кенжегүл Қасымханқызы мен Сәлима Әбжамалқызын, тәжірибелі медбикелер Сапура Тоқсанбекова мен Зоя Қойгелдинаны өмірлік ұстаздарым деп білемін. Олардан үйренгенім көп. Әлі күнге дейін хабарымыз үзілмей, бір-біріміздің хал-ахуалымызды сұрап тұрамыз», - дейді Жұмабике Мейірімқызы.
Оның пікірінше, қазір барлық жерде жұмыс істеуге оңтайлы жағдай жасалған. Жас мамандарға да зор көңіл бөлініп отыр. Бұрынғыдай емес, ата-аналардың да көзі ашық, ауру-сырқаудың алдын алу жолдарын жақсы біледі.
«Мен жұмысқа енді кіріскен жылдары шалғай елді мекендер, қойшы ауылдар көп еді. Анемия, гепатит, ішек аурулары жиі кездесетін. Екі күннің бірінде қан құятынбыз. Тоқсаныншы жылдары өте қиын кезеңді бастан кешірдік. Ауруханаларда жылу жоқ,10 ай бойы айлық алмаған кезіміз болды. Бірақ, соған қарамастан, аянбай қызмет еттік. Халықтың алғысына бөлендік. Ол кездері УДЗ деген жоқ, анализ зерттеу құрылғылары аз еді. Педиатр болғанда бүкіл баланың туғаннан 15 жасқа дейінгі денсаулығына жауап бердік. Әрі невропатолог, әрі кардиолог, әрі психолог, әрі травматолог болуға тура келді», - деп өткенге шегініс жасады дәрігер.
Еңбегі елеусіз емес. Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс әкімінің грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған.
Екі қыздың анасы. Үлкені Айжан – өзінің жолын қуған дәрігер, Қостанай облыстық перинатальды орталығында гинеколог. Қазіргі таңда декреттік демалыста. Кіші қызы Гауһар атасының ізін жалғаймын деп, мұғалім мамандығын игерді.
«Жұбайым – мал дәрігері, өзім – тән дәрігерімін. Қарапайым күн кешіп жатқан жанның бірімін. Менің түсінгенім: адал жұмыс істесең, жұлдызың жарық, жолың ашық болады. Осы тұрғыдан келгенде өзімді бақытты дәрігер санаймын», - дейді ақ халатты абзал жан.