Торайғыр көлінің маңайында қарақұрттар қаптап кетті

Бөлісу:
Торайғыр көлінің маңайында қарақұрттар қаптап кетті
Фото: pixabay.com

«Баянауыл» мемлекеттік табиғи паркінің мамандары туристерді абай болуға шақырады. Қазір Торайғыр көлінің маңайында қарақұрттар қаптап кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мамандар жүргізген зерттеу нәтижесінде улы жәндіктер Торайғыр көлінен екі шақырымдық жерде және Торайғыр ауылдық округінің аумағында көптеп шоғырланғаны анықталды.

Ұлттық парк директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, қазір сол жерде демалушыларды ақпараттандыру бойынша жұмыстар күшейтілген.

Профилактикалық және ақпараттық шараларды қолға алдық. Ұлттық парк жанындағы ғылым және мониторинг бөлімінің мамандары қауіпті өрмекшілерді жинау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Күніне қарақұрттардың 20 аналығы мен 80 ұясын тауып, теріп алдық. Бір күнде 160-қа жуық ұяшық табылып, 80-ге жуық аналық жиналды, - дейді Аждар Жүсіпов.

Парк мамандары жергілікті денсаулық сақтау басқармасының өкілдерін бұл жайт туралы хабардар еткен. Бүгінгі күнге дейін жәндіктердің шағуынан зардап шеккендер жоқ.

Энтамологтардың пайымдауынша, қарақұрттар өңірге Солтүстік, Солтүстік Шығыс облыстардың аумағына түрлі жолдармен келген. Соңғы рет 15 жыл бұрын Павлодар облысында қарақұрттардың күрт көбеюі байқалған. Тау-тасты жерлердегі құрғақ климат улы өрмекшілердің көбеюіне сеп. Оларды жинау жұмыстары былтыр да жүргізілген.

Өткен жылы Жасыбай бөлімінің алтыншы орамында қарақұрттарды іздеп, жойды. Нәтижесінде мың жарым жұмыртқа ошағы жойылды. Сонымен қатар жәндіктің 400-ге жуық аналығы арнайы құртылды. Ал бір жерде жүздеген тұқым болуы мүмкін. Ұяшықтар әдетті тастардың астында орналасады, - дейді ұлттық парктің ғылыми қызметкерлері.

Өзгелердің жаңалығы