Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елорданың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Белгілі болғандай, департаментке тексеріс жүргізу туралы ресми шағым келіп түскен.
Астананың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кондитерлік өнімді (тәтті тоқашты) жеткізушіні анықтаған. Осылайша, анықталған материалдар Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологияық бақылау комитетіне жіберіліп, министрліктің жоспардан тыс тексеріс жүргізу қажеттігі туралы бұйрығы шықты.
СЭБК Есіл аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы UMC КҚ Республикалық балаларды оңалту орталығында тамақтану сапасы мәселелері бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізу жоспарланып отыр. Аталған орталықтың пациенттері үшін тамақтануды ұйымдастыру шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын ЖШС-мен келісімшарт негізінде қамтамасыз етіліп отыр. Соған байланысты департамент комитетке мораторий күшінде тұрған кезеңде жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мүмкіндік беретін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын алу үшін хат жіберді, - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Республикалық балаларды оңалту орталығында балаларға берген ас-ауқаттан (коржиктен) тышқанның баласы шыққаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкіндігіне қарамастан, Нұр-Сұлтан қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қысқа мерзім ішінде тексеріс жүргізе алмай отырғандарын айтқан еді. Себебі Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсанда №229 «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығы енгізілген болатын.