Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізу туралы ұйғарым жасалды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол алқалы жиынның киелі жерде өткізілуін жақсы ырымға балайтынын жасырмады.
Ұлы ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ашылуында сөйлеген сөзінде.
Еске сала кетейік, Ұлытау өңірінде Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтіп жатыр. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы ат басын бұрды.