Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді. Президент таңдауын жасағаннан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп, жаңа Конституция жобасының тарихи маңызы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, бүгінгі референдум – ел тарихындағы маңызды күндердің бірі.
Шын мәнінде, бүгінгі референдум – тарихи оқиға. Өйткені бұл күн біздің болашақ тарихымызды айқындайтын шешім қабылданатын күн. Сондықтан дауыс беру белсенді түрде өтеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция ең алдымен азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.
Бұл құжат – азаматтарымыздың негізгі құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін құжат. Сондықтан оның маңыздылығы өте жоғары, оны төмендетуге болмайды. Сонымен қатар, бұл – еліміздің жерінің тұтастығын, тәуелсіздігімізді, егемендігімізді қорғайтын басты құжат. Сол себепті бұл құжаттың мән-мағынасы өте жоғары, – деді Президент.
Мемлекет басшысы 1995 жылы қабылданған Конституцияның да тарихи рөлі ерекше болғанын атап өтті.
1995 жылы қабылданған Конституцияның рөлі өте ерекше. Мен оны бірнеше рет айттым. Оның маңызын төмендетуге немесе арзандатуға болмайды. Себебі бұл құжат 35 жыл бойы елімізге қызмет етті, – деді ол.
Сонымен бірге Президент уақыт талабына сай жаңа өзгерістер қажет екенін жеткізді.
Заман бір орында тұрмайды. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдайтын уақыт келді. Мен Конституцияның преамбуласы мен басқа да нормаларын жаздым. Бұл құжат болашақта халқымызға жақсы қызмет ететініне күмәнім жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.