Тоқаев заманауи көшпенділер туралы айтты

15 Наурыз 2024, 17:25
283
Бөлісу:
Тоқаев заманауи көшпенділер туралы айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында шетел асып, жұмыс істейтін азаматтар жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек. Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық, - деді ол.

Тоқаев қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керегін айтты.

Мемлекет басшысы атап өткендей, көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс.

Біз шетелге барып, қара жұмыс істеп жүр деп, көрші елдің азаматтарын менсінбей қараған адамдарды да көрдік. Шын мәніне келгенде, сол шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді. Олар өз елінің экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып жүр. Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды, - деп айтты Тоқаев.

Президент заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы екеніне назар аударды. Сөзінше, бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады.

Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу, - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы