Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірқатар заңдарға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Президент «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды бекітті. Құжат Қазақстанның орнықты дамуы мен экономикалық өркендеуіне жәрдемдесуге бағытталған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға енгізілген өзгерістерді ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Аталған құжат конвенцияның 50 а) және 56-баптарына енгізілген түзетулерді қамтиды.
Бұдан бөлек, Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бекітті. Бұл құжат еңбек қауіпсіздігін арттыруға және қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Ақорданың мәліметінше, барлық заңдардың толық мәтіні баспасөзде жарияланады.