Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында уақыт белдеуіне қатысты пікірталасты доғару қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиында Президент бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталды.
Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс, - деді ол.
Президенттің сөзінше, бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді.
Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.