Бұл туралы Мемлекет басшысы Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол Түркістан – еліміздегі ең басты туристік орталықтың бірі. Осы аймаққа келіп жатқан көптеген меймандар – соның айқын көрінісі. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келді деді.
Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине, өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады. Түйткілдер әлі аз емес, әсіресе, әлеуметтік салада мәселелер бар, дегенмен, ең бастысы – жергілікті жұрттың ынта-жігері. Оңтүстік тұрғындары – еңбекқор халық. Сіздерде ауызбіршілік, әр істің көзін таба білетін іскерлік сияқты жақсы қасиеттің бәрі бар. Осында бау-бақшасын баптап, төрт түлігін өсіріп, берекелі өмір сүріп жатқан азаматтар аз емес – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінгенін атап өтті.
Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен, жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек – деді ол.