Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде түркі әлемінің бірлігін нығайту ұйымның негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ұйымның геосаяси немесе әскери сипатқа ие емес екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің сөзінше, қазіргі таңда бауырлас мемлекеттердің ынтымағын сақтап, өзара сенімді дәйекті түрде күшейту аса маңызды.
Түркі дүниесінің рухын нығайтудың мән-маңызы айрықша. Біздің ең басты міндетіміз - бірлік. Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба да, әскери одақ та емес. Бұл бауырлас елдердің сауда-экономикалық байланысын, технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын күшейтетін бірегей алаң, – деді Тоқаев.
Президент Қазақстанның ұйым аясындағы қызметі елдің ұлттық мүддесіне толық сай келетінін атап өтті.
Мұндай бірлестік біздің ел үшін маңызды басымдықтардың бірі саналады. Себебі ол ұлттық мүддемізге толық сәйкес келеді әрі өзара тиімді сипатқа ие, - деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысушыларды бірлікті сақтап, ортақ стратегиялық мақсаттарға адал болуға шақырды.
Ата-бабаларымыздың “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген сөзі бәрімізге жақын. Түркі әлемі әрдайым біртұтас болып, алға қойған мақсаттарынан айнымауы және бірге дамуы керек. Сондықтан бүгінгі кездесу тарихи тамыры ортақ мемлекеттердің ынтымағын одан әрі нығайта түседі деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының саяси философиясын айқындап, басты назарды геосаясатқа емес, прагматикалық ынтымақтастыққа, технологиялық дамуға және ортақ түркі кеңістігін нығайтуға аударды.