Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоғыз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшысы рәсім барысында Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы саясаты, инвестициялық әлеуеті және елдегі саяси реформалар туралы айтты.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президентіне тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын табыстау рәсімі өтті.
Сенім грамоталарын Молдова Республикасының елшісі Игорь Молдован, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Тхань Ле Нгуен, Корея Республикасының елшісі Ки Хон Чжон, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Лунгисани Доминик Нтомбелла, Словакия Республикасының елшісі Любомир Регак, Германия Федеративтік Республикасының елшісі Хайке Ренате Пайч, Әзербайжан Республикасының елшісі Алимирзамин Аскеров, Словения Республикасының елшісі Бранко Раковец және Намибия Республикасының елшісі Моника Ндилявике тапсырды.
Қазақстан бейбіт сыртқы саясат ұстанымынан айнымайды
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның бейбіт сыртқы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағдайда бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік салтанат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, ынтымақтастықты өрбіту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның елшілер өкілдік ететін мемлекеттермен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты. Оның сөзінше, көпжақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Қазақстан шетелдік инвесторларға есігін ашық ұстайды
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларға Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен ұлттық экономикаға шетел инвестициясын тарту бағытындағы жетістіктері туралы да мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шетелдік кәсіпкерлер мен ірі халықаралық компаниялардың елде жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастыратынын атап өтті.
Біз елімізге шетел инвестициясын тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әлбетте, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі халықаралық компаниялардың басым бөлігі қызмет етеді. Бұл саясаттан айнымайтынымызға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз, – деді Президент.
Саяси реформалар жалғасады
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформаларға да тоқталды.
Президенттің айтуынша, бұл өзгерістердің қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі түбегейлі өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Астананың елшілер өкілдік ететін мемлекеттермен достық қарым-қатынасты нығайтып, сан қырлы ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін растады.
Президент сондай-ақ елшілер арқылы олардың мемлекет басшыларына өзінің жылы лебізін жеткізуді тапсырды.