Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім. Сондықтан еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет. Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады, - дейді Тоқаев.
Тоқаев елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалғанын атап өтті.
Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам. Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы. Оның баптарында әрбір қазақстандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан, - дейді ол.
Оның сөзінше, Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады.
Қазақстанның жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымыз тұғыры. Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. Сіздердің де шүбәларыңыз болмайды деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.