Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды. Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастыратын бірегей еуразиялық ұйым. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы біздің мемлекеттеріміздің үлесіне тиесілі. Саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі қоса алатынына сенімдімін. Жаһандық тәртіпті түбегейлі трансформациялау жағдайында бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістің, сауда және санкциялық соғыстардың, сондай-ақ басқа да заманауи сын-қатерлердің күшейе түскеніне куә болып отырмыз, - деді президент.
Оның айтуынша, халықаралық құқық негіздері мен оның маңызды қағидатының, яғни теңдей, бірлескен, бөлінбейтін, кешенді және тұрақты қауіпсіздіктің бұзылуы қалыпты жағдайға айналды.
Біздің төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Бұл шаралардың бәрі тұрақтылыққа және ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті жүйелі түрде күшейтуге септігін тигізеді. Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн болар еді, - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, БҰҰ-ның үйлестіруімен ауған халқына көрсетілетін көмекті жалғастыру маңызды.
Сондықтан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі біздің бастамамызға тағы да тиісті деңгейде назар аударуды ұсынамыз. Осы аса қажетті құрылымға сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін. АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастауға қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арнайы ризашылығымды білдіремін, - деді ол.