Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы аймақтық қана емес, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа да елеулі қатер төндіретінін атап өтті.
Тараптар қақтығысқа қатысы жоқ елдердің аумағына жасалып жатқан шабуылдардың мұсылман үмбетінің өзара құрмет пен төзімділік танытатын қасиетті Рамазан айында орын алып отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Президент Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға көрсеткен көмегі үшін Корольдік Үкіметіне алғыс айтты.
Өз кезегінде Тақ мұрагері қолдау білдіргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізіп, Рамазан айында Қазақстан халқына ізгі тілегін жолдады.
Тараптар екіжақты қатынастарды жаңа әрі сапалы деңгейге көтеру, сондай-ақ халықаралық аренада күш-жігерді үйлестіру мақсатында саяси диалогты жандандыруға уағдаласты.