Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Джек Маны Қытай Халық Республикасының 70 жылдық мерекесімен және Alibaba Group компаниясының құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікте заманауи технология саласы маңызды рөл атқаратынын айтты.
"Мен сіздің Қазақстанға қолдау көрсетем деген ниетіңізді жоғары бағалаймын. Біз Қазақстан мен Қытайдың арасындағы цифрлық экономиканы дамытуға қатысты стратегиялық келісім жасадық. Осы іске сіздің де атсалысқаныңызды қалаймыз",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде әлемдегі ең ауқатты адамдардың бірі Джек Ма Қазақстанда бірнеше рет болғанын, біздің елдің мәдениеті мен адамдары ерекше әсер қалдырғанын жеткізді. Ол өзінің тәжірибесін қазақстандықтармен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.
Alibaba Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Юн Мемлекет басшысына әлемдік интернет сауданың көшбасшысы саналатын ұжымның тарихы мен қызметі жайында, қалыптасқан өзіндік дәстүрі туралы, болашақтағы жоспарлары мен электронды коммерциядағы жаңа трендтер хақында баяндады.
Айта кетейік, Alibaba интернет-корпорациясының негізін қалаушы Джек Ма қазақтың ұлы ақыны – Абайдың өлеңін қытайша оқып, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған эстафетаны қолдаған болатын.