Тоқаев құранды өртегендерге қатысты: Арандатушылық деп санаймын

26 Шілде 2023, 14:16
2616
Бөлісу:
Тоқаев құранды өртегендерге қатысты: Арандатушылық деп санаймын
Фото: Ақорда

Тоқаев Солтүстік Еуропада Құранды өртеу актілеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды.

Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды. Президенттің пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде құран өртеу деректері жиілеп кетті. Осыған орай 13 шілдеде БҰҰ Құранның өртенуін айыптайтын қаулы қабылдады. Бұл қаулыны 28 ел өкілі қолдады. Ал 12 ел қарсы болды, қалған жеті ел бейтарап қалды. Дегенмен 23 шілдеде Копенгагенде Ирактың Даниядағы елшілігі ғимаратының алдында Құран көшірмелерін өртеу акциясы өтті. Ұйымдастырушылар бұл әрекетін Бағдадтағы Швеция елшілігіне жасалған шабуылға наразылық деп түсіндірді.

Өзгелердің жаңалығы