Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өтіп жатқан Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII Съезі кезінде қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
Ең алдымен, баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл – өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерден мемлекеттілігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандасымызға зор ризашылық білдіремін, - деп айтты Тоқаев.
Оның сөзінше, ұйымды жаңғырту туралы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар.
1 наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырылды. Қоғамға пайдалы көптеген бастама көтеріліп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, - деп толықтырды Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII Съезінде.