Тоқаев: Қазақстан мен Түркияның тілі мен рухани құндылықтары ортақ

12 Қазан 2022, 17:04
1436
Бөлісу:
Тоқаев: Қазақстан мен Түркияның тілі мен рухани құндылықтары ортақ

Ақордада Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің мемлекеттік сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толған мерейлі межемен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Біз Түркия басшысының елімізге сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Бүгінгі сапарыңыз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың 30 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Осы кезге дейін екі ел арасындағы тығыз саяси диалог өзара құрмет пен сенімге негізделген бауырластық қатынас орнады. Мәртебелі қонағымыздың бұл сапары да екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып,  табысты боларына сенеміз. Бүгінгі келіссөздер қазақ-түрік байланысын нығайта түсері сөзсіз. Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді әріптесінің бірі. Біздің елдеріміздің тілі мен рухани құндылықтары - ортақ, - деді Президент. 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу барысында көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың даму  перспективасына назар аударды.  

Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға екі ел де мүдделі. Өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін бұл стратегиялық жобаның зор маңызы бар. Биыл 7 айда  осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемі  2,5 есеге артып, 1 миллион тоннаға жетті. Осы ретте, мемлекеттеріміздің «Орта дәлізді» дамытуы  қазір өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кеткен жөн, іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі мемлекеттегі және жаһандағы мәселелер бойынша ой алмасады. 

 

Өзгелердің жаңалығы