Тоқаев: Қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз

Кеше, 20:18
155
Бөлісу:
Тоқаев: Қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілді. Бұл туралы Ақорданың ресми телеграм каналы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ең алдымен, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. Сондай-ақ бүгін баршаңызды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтаймын! Халқымыз үшін қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз. Осындай берекелі сәтте Көкше жерінде арнайы бас қостық. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын өткіздік. Мазмұнды әрі мағыналы жиын болды. Көптеген салмақты ұсыныс айтылды. Қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев: Қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз

Мемлекет басшысы Құрылтай мүшелері азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүргенін айтты.

 Құрылтай отырысының нәтижесі елімізге нақты пайда әкелеріне еш күмән жоқ. Бүгінгі жиында Құрылтай мүшелері елге шын жанашыр азаматтар екенін айқын көрсетті. Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін, - деді Президент.

Президент Рамазан айындағы игі амалдар ынтымақ-бірлігімізді арттыра түсетінін атап өтті.

 «Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуымыз керек. Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан, бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын!, - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жан-жақты реформалар жүргізуде Ұлттық құрылтай ерекше рөл атқарып келеді 

«Халыққа негізгі саясатымызды дұрыс түсіндірейік. Жаппай жұртқа үлгі болайық. Ел ішіндегі дарынды, қабілетті азаматтарға, ең алдымен, жастарға жол берейік. Біз бір ел, бір халық болып, елеулі өзгерістерді бірге жасап жатырмыз. Қазақстанның саяси жүйесін толық жаңғырттық. Жаңа экономикалық бағдарымызға сай нақты жоспарымызды жүзеге асыратын болдық. Бүгінде жан-жақты реформалар өз жемісін беріп жатыр. Осы жолда Ұлттық құрылтайдың ерекше рөл атқарғаны сөзсіз. Сіздердің бастамаларыңыз көптеген мәселені уақтылы шешуге ықпалын тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, - деді Президент.

Мемлекет басшысы негізгі мақсат – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру екендігін айтты. 

Мен «Ана тілі» газетіне берген сұхбатымда еліміздің алдында тұрған жаңа міндеттерді атап өттім. Негізгі мақсат – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру. Бұл – Адал азаматтардың қолынан келетін іс. Адал азаматқа тән қасиеттер исламның гуманистік идеяларымен терең астасады. Асыл дініміз халқымыздың бітім-болмысымен, таным-түсінігімен біте қайнасып жатыр. Ислам діні ата-бабалардан мирас болған салт-дәстүрімізбен сабақтас. Осы қос құндылық, яғни дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 

Өзгелердің жаңалығы