Бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы мен Америка Президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдады. Бұл сұрақтарға ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі, - деп жазды ол.
Оның айтуынша, Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Бұған дейін сарапшылар Трамп құрған "Бейбітшілік кеңесі" Қазақстанға не береді? деген сауалға жауап берген еді.