Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) қол қойылғанына он жыл толу қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев және Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин, Шарттың рухы мен әрпіне сәйкес екі елдің өзара іс-қимылын серпінді түрде жалғастыру мүддесін негізге ала отырып, 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, сондай-ақ 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияны жоғары бағалай отырып, өткізілген келіссөздердің ашықтық, сенім мен өзара түсіністік ахуалын атап өтіп, сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттарды іске асыру Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ оларды сапалық жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететініне сенім білдіре отырып, 2023 жылғы 9 қарашада Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XIX өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындыларына маңызды мән бере отырып, төмендегілер туралы мәлімдейді.
I. Шарттың мәні
Шарт көпқырлы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының озық тәжірибесін және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына бейілділікті біріктіре отырып, осы қатынастардың жақын тарихи перспективада үдемелі дамуы үшін құқықтық негіздерді толық көлемде қамтамасыз етеді.
Шарттың негізгі ережелерін орындау арқасында екі ел мен олардың халықтардың мүдделеріне сай келетін және халықаралық әрі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын дамыған мемлекетаралық қатынастардың моделі қалыптасты. Шарт халықаралық жағдай мен Еуразиялық интеграциялық процестердің шындықтарына, сондай-ақ екі мемлекет азаматтарының сұраныстарына сәйкес келеді.
Тез өзгеріп жатқан геосаяси жағдайға қарамастан, Шарт өзектілігін сақтап отыр, бұл екі елдің тыныс-тіршілігінің барлық саласында, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар мен бірлестіктер қызметінде кооперацияны белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді.
II. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ынтымақтастығының аралық қорытындылары
Шарттың ережелеріне сәйкес барлық деңгейде жоғары қарқынды диалог сақталып отыр. Ортақ тарихи және рухани дәстүрлерге негізделген екіжақты қатынастарды нығайту бағыты екі мемлекет үшін де Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қауіпсіздігі мен орнықты дамуына қолайлы жағдайлар қалыптастыруға, олардың азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды басымдықтар жасайды.
Тараптар бірлескен жұмыс динамикасының үдемелі өсуіне және практикалық өзара іс-қимылдың қарқынына қанағаттанушылық білдіреді. Қазақстан мен Ресейдің мемлекет және үкімет басшыларының деңгейінде тұрақты байланыстардың тармақталған тетігі жұмыс істейді. Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның құрылымына кіретін кіші комиссиялар мен жұмыс топтары екі елдің тыныс-тіршілігінің барлық негізгі саласын қамтиды.
Сауда мен инвестиция жолындағы кедергілер дәйекті түрде жойылуда. Өзара тиімді терең әріптестік екі елдің технологиялық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күресу бойынша өзара іс-қимыл күшейе түсуде.
Өңіраралық және шекара маңы байланыстары қарқынды түрде дамып келеді. «Деңгейлес» қатынастардың бүкіл кешенінің дамуына серпін беретін жыл сайынғы Өңіраралық ынтымақтастық форумы өткізіледі.
Энергетика саласындағы байланыстар жемісті түрде жүзеге асырылуда, оның ішінде ірі мұнай және газ кен орындарын бірлесіп игеру жүргізілуде.
Электр энергиясын өзара беру оқшауланған аудандарды энергиямен жабдықтау қажеттілігін ескере отырып, коммерциялық шарттар шеңберінде де, екі елдің бірыңғай энергия жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында да қамтамасыз етіледі. Отын-энергетика кешенінің орнықты жұмыс істеуіне, оның ішінде жаңартылатын көздерді дамыту жолымен елеулі көңіл бөлінеді.
Өзара жүк және жолаушылар тасымалы көрсеткіштерінің өскені байқалып, екі елдің көлік жүйелерін жаңғырту үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда.
Тең және бөлінбейтін қауіпсіздік қағидатына сәйкес әскери, әскери-техникалық және әскери-саяси ынтымақтастық екі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған және үшінші тараптарға қарсы бағытталмаған. Бұл саладағы өзара іс-қимыл одақтастық қатынастардың тұрақтылығын көрсетеді және олардың алдағы ондаған жылдардағы стратегиялық сипатын анықтап береді.
Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыру, бейінді мамандарды даярлау сияқты салаларда өзара іс-қимыл дәйекті түрде жүзеге асырылуда, тиісті ақпарат алмасу жүргізілуде.
Екіжақты байланыстардың әлеуеті ғылымды қажет ететін және жоғары технологиялық салаларда, оның ішінде ғарыш қызметі саласында да бар. Ресей Қазақстанда «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құруға ықпал етуде. Бұл ауқымды жұмыстың мақсаты – Қазақстан Республикасында ұлттық ғарыштық зерттеу бағдарламаларын дамыту.
Келісілген әлеуметтік саясат, оның ішінде еңбек көші-қоны және халықты жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағыттары бойынша табысты түрде іске асырылуда. Осы салада инновациялық цифрлық платформаларды пайдалану жан-жақты ынталандырылады.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ірі бағдарламаларды: Қазақстан мен Ресейдің өзара мәдениет күндерін, қазақстандық және ресейлік кино күндерін, «Орыс маусымдары» жобасын жүзеге асыруда. Шығармашылық даму, кітапхана және музей ісі мәселелері бойынша өзара іс-қимыл тереңдей түсуде.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық жоспарлы түрде нығайтылуда. Білікті мамандарды даярлау және Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында жетекші қазақстандық және ресейлік жоғары оқу орындары филиалдарының жұмысын, оның ішінде «қос диплом» бағдарламасы бойынша және заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып оқыту ұйымдастырылатын желілік кооперация форматында ұйымдастыру арқылы нормативтік құқықтық база кеңейтілуде.
Жастар ұйымдары арасындағы байланыстар жан-жақты ынталандырылады. Жастар саясаты саласында, екі елдің тиісті мекемелері мен ұйымдарына қолдау көрсетуді, оларды түрлі жобаларға, оның ішінде спорттық жарыстарға тартуды қоса алғанда, өзара түсіністікке қол жеткізілді.
Тараптар Еуразиялық экономикалық интеграцияның табысты дамуын атап өтуде, оның бастауында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы тұр. Өзара тауар айналымы мен инвестициялар көлемінің ұлғаюы, жұмыссыздықтың төмендеуі, бірлескен кәсіпорындардың едәуір саны мұның көрінісі болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мүдделі өңірлік және халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, мүше мемлекеттер, байқаушылар және үшінші тараптар үшін қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастыққа ашық өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлі құпталады.
Ресей Федерациясының ЕАЭО органдарына төрағалық етуі аясында 2023 жылы қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға, ЕАЭО тауарларының, көрсетілетін қызметтерінің, капиталы мен еңбек ресурстарының ортақ нарықтарының әлеуетін ашуға бағытталған бірлескен күш-жігер жұмсалды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) шеңберіндегі диалог пен салалық өзара іс-қимылдың динамикасы жоғары бағалануда, Достастық қызметінің барлық негізгі бағыттары, оның ішінде өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптарға көзқарастарды сыртқы саяси үйлестіру және келісу бойынша ұстанымдардың өзара сәйкес келуі немесе жақындығы атап өтілуде.
Елдер мен өңірлік ұйымдардың тең құқылы ынтымақтастығының ортақ кеңістігін қалыптастыруға бағытталған Үлкен Еуразиялық әріптестік құру туралы ресейлік бастама оңынан бағалануда.
Тараптар өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) шешуші рөлін атап көрсетеді. 2024 жылы Қазақстан Республикасының осы бірлестікке төрағалық ету аясында
ҰҚШҰ-ның әлеуетін бірлесіп арттыру, осы Ұйымның шеңберінде дағдарысқа ден қою, халықаралық терроризмге, есірткінің заңсыз өндірісі мен айналымына, ұйымдасқан қылмыскерлікке және басқа да трансшекаралық сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес тетіктерін жетілдіру, бітімгершілік күштерді дамыту, мүдделі мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесу ниеті расталады. ҰҚШҰ-ның биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесін қоса алғанда, ҰҚШҰ-ның жұмыс топтары мен қосалқы органдарының қажеттілігін атап өтеміз.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыруға, Еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мүддесінде Ұйымның қызметін жетілдіруге және әлеуетін нығайтуға деген ұмтылысты атап көрсетеміз. Ресей Федерациясы Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығының басымдықтарын қолдайды және оларды ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын екендігін білдіреді.
Орталық Азия өңірінде ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, бейбітшілікті нығайту, достық, сенім және тату көршілік ахуалын қалыптастыру, сондай-ақ олардың халықаралық аренадағы маңыздылығын арттыру мәселелерінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің рөлі жоғары бағаланады.
Тараптар 2018 жылғы 12 тамыздағы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны Каспий өңірін қауіпсіздік пен тұрақтылық қолдау тауып, нығаятын, сенім, өзара түсіністік, барлық жағалау мемлекеттерінің мүдделерін сақтау ахуалы қалыптасатын бейбітшілік, тату көршілік, достық пен ынтымақтастық өңірі ретінде одан әрі дамыту үшін сенімді құқықтық негіз ретінде қарайды.
Шартты іске асырудың аралық қорытындылары, онда жасалған одақтастық пен интеграциялық өзара іс-қимылдың ауқымды әлеуеті Қазақстан-Ресей қатынастарының болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
III. Стратегиялық перспективаға арналған міндеттер
Тараптар екі ел азаматтарының қазіргі және болашақ ұрпақтарының бірлескен өркендеуі мен берік достығының мүдделері үшін Шарттың қағидаттары мен ережелерін іске асыруға бел байлауға дайын.
Осы мақсатта Тараптар:
1. Жоғары және аса жоғары деңгейлерде тұрақты байланыстарды қолдауға, халықаралық қатынастарда құқық үстемдігіне және мемлекеттердің егеменді теңдігіне негізделген сыртқы саяси ынтымақтастықты арттыру мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылды тереңдетуге ниетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарының мүлтіксіз сақталуын қорғап, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, жаһандық сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге ден қою мәселелерінің бүкіл кешенін шешуде Ұйымның рөлін нығайтуға жәрдемдесетін болады. Бірлескен, кешенді және тұрақты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде мемлекеттердің тең құқылы әріптестігіне негізделген неғұрлым өкілді, демократиялық және әділ көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастыру бойынша қадамдар жасауға ниетті.
Одақтас сыртқы және қорғаныс саясатына арнасында ішкі саяси тұрақтылықты бұзу әрекеттеріне қарсы тұру арқылы бейбітшіліктің халықаралық архитектурасын, тең және бөлінбейтін қауіпсіздікті, сондай-ақ бір-бірін қолдайтын болады.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы парламенттерінің желісі бойынша сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету ынталандырылады.
2. Ашық әлемдік экономиканы құруға ықпал етіп, Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) орталық рөл атқаратын көпжақты сауда жүйесін қорғауға, тауар алмасу және инвестициялар шарттарын ырықтандыру мен жеңілдетуге жәрдемдеседі, протекционизмсіз, біржақты санкцияларсыз және өзге де қысымсыз дамудың ашық, әділ, кемсітпейтін ортасын құруды ынталандырады.
Өзара тауар айналымына теңдестірілген сипат беріп, онда қосылған құны жоғары өнімнің үлесін арттыра отырып, оны ұлғайтады және әртараптандырады. Жаңа және жоғары технологиялар саласындағы өзара қарым-қатынастарды, оның ішінде екі елдің инновациялық орталықтары мен технопарктері арасындағы байланыстарды жандандыру жолымен дамытады. Тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу және нарықтарға инвестициялар салу, кәсіпорындардың санын көбейту, тікелей өндірістік кооперацияны ілгерілету, технологиялар мен құзыреттерді беру мүмкіндіктері үшін өзара қолайлы режимді қамтамасыз етіледі.
3. Шаруашылық жүргізуші және өзге де субъектілердің «деңгейлес» тікелей байланысын ынталандыра отырып, сауда-өнеркәсіп және мәдени-гуманитарлық салаларда екі елдің өңірлері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтеді. Бұл үшін жыл сайынғы Өңіраралық ынтымақтастық форумының мүмкіндіктерін, көрме-жәрмеңке іс-шараларын, іскерлік миссияларды пайдаланады.
Екі елдің ұйымдары арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді қарым-қатынастарды орнатуға, іскер топтар өкілдерінің Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясыда өткізілетін халықаралық жәрмеңкелерге, көрмелерге және басқа да іс-шараларға қатысуына жәрдемдеседі.
Инвестицияларды тартуға және шаруашылық жүргізуші субъектілердің кәсіпкерлік қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға, өндірістік кооперация және дайын өнімді, жабдықты, шикізат пен материалдарды жеткізу жобаларына мемлекеттік қолдау көрсетуге жәрдемдеседі.
Екіжақты өзара іс-қимыл шеңберінде де, ЕАЭО кеңістігінде де сыртқы сауда қызметіндегі кедергілерді бірлесіп жояды, қаржы-банк саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады.
Екіжақты қарым-қатынастардың басым салаларындағы практикалық өзара іс-қимылдың маңызды тетігі болып табылатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия шеңберінде жүйелі жұмысты жалғастырады. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асыруға жан-жақты жәрдем көрсетеді.
Азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларын цифрлық трансформациялау саласындағы үйлестіруді тереңдетеді.
4. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге, қиын өндірілетін мұнайды өндіруге, энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен кадрларды даярлауға қатысты мәселелер бойынша диалогты жандандырады. Екі елдің тұтынушыларына және үшінші мемлекеттерге табиғи газды, мұнай мен мұнай өнімдерін тиімді тасымалдау үшін жаңа құбыржолдар салу және қолданыстағыларын реконструкциялау жоспарларын жүзеге асырады.
Көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту, энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ инновациялық технологиялардың қолданылуын ынталандыру үшін атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында бірлесіп жұмыс істейді. Электр энергетикасы саласындағы өзара іс-қимыл әлеуетін кеңейту, гидроэнергетиканың жаңа объектілерін салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту мақсатында жоғары технологиялық инжиниринг саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
5. Туризм саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырады, оның ішінде өзара туристік сапарлар санын арттыруға ықпал етеді. Жаңа бағдарлар мен туристік көрсетілетін қызметтердің сапа стандарттарын әзірлейді. Негізгі туристік өнімдерді екіжақты негізде, сондай-ақ ТМД шеңберінде ілгерілетеді.
6. Теміржол табанының ТМД-ға ортақ стандартының және автомобиль қатынасының дамыған инфрақұрылымының артықшылықтарын пайдалана отырып, ЕАЭО-ның бірыңғай көлік кеңістігін дәйекті түрде және кезең-кезеңімен қалыптастыру және жетілдіру жөніндегі шараларды іске асыру арқылы транзиттік және көліктік әлеуетті нығайтуды, екіжақты жүк тасымалы көлемінің өсуін қамтамасыз етеді.
«Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін, көлік байланыстылығына және өңіраралық кооперацияға ықпал ететін басқа да бағдарларды жетілдіру жұмысын жалғастырады. «Осал жерлер» мен шектеулерді жою үшін логистикалық инфрақұрылым мен өнім беру арналарының сапасына жүйелі түрде талдау жүргізеді. Цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, осындай бағдарларды әкімшілендіру мен пайдаланудың озық әдістерін енгізеді.
7. Қорғаныс, әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықты дамытады, өңірлік және құрлықтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде бейінді шарттық-құқықтық базаны жетілдіреді.
Азғырып тартуды және шетелдік террорист-содырлардың орын ауыстыруын қоса алғанда, терроризмге, террористік және экстремистік идеологияны таратуға және насихаттауға, діни экстремизмге, ақшаны жылыстатуға, активтерді заңсыз иемденуге және әкетуге, қару-жарақ, есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының айналымына, адам саудасына, трансұлттық ұйымдасқан қылмыскерліктің өзге де түрлеріне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимыл мақсатында екі мемлекеттің қауіпсіздік кеңестері, қорғаныс, құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтері желілері бойынша байланыстарды тереңдетеді.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату үшін қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен электрондық қаржы жүйелерін құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануға қарсы шаралар қабылдайды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық органдардың дүлей зілзалалар мен техногендік апаттардың қаупін азайту және олардың салдарын еңсеру саласындағы әлеуетін нығайтады.
8. Ғарыш саласындағы, ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді жалғастырады. «Байқоңыр» кешеніндегі кооперацияны тереңдетеді, экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары заманауи зымыран-ғарыш технологияларын енгізеді. Жаңа жұмыс орындарын құруды, құзыреттерді арттыруды, технологиялар беруді және ұлттық мамандар корпусын қалыптастыруды қоса алғанда, елеулі мультипликативтік әлеуеті бар «Бәйтерек» жобасын іске асыруды жалғастырады.
9. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы, соның ішінде Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенцияның (БУҚК) шеңберінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін және мемлекеттердің Конвенцияның барлық ережелерін орындауын қамтамасыз етуге арналған Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру мақсатында ынтымақтастықты дамытады. БУҚК-тың сенім шараларының есептілік нысанына шетелдегі әскери-биологиялық қызмет туралы ақпаратты енгізуге, Конвенцияның VI бабы бойынша тергеп-тексеру жүргізу үшін тетік құруға; БУҚК ережелерінің сақталуын тексерудің тиімді тетігін көздейтін, заң жүзінде міндеттейтін БУҚК хаттамасын жасасуға жәрдемдеседі. БУҚК режимін нығайту жөніндегі бастамаларға өзара қолдау көрсетеді. Қарусыздану жөніндегі конференция шеңберінде Химиялық және биологиялық терроризм актілеріне қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны әзірлеу бойынша келіссөздерді ұйымдастыруға қадам жасайды.
Ғарышта қаруды орналастырудың, ғарыш объектілеріне қатысты күш қолданудың немесе күшпен қорқытудың алдын алу, сондай-ақ ғарышта қаруды бірінші болып орналастырмау туралы саяси міндеттеме қабылдау бастамасын ілгерілету үшін бірлесіп күш-жігер жұмсайды.
Ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі құрал – Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың негізгі қағидаттарына сәйкес ядролық қаруды таратпау саласындағы көпжақты тетіктерді қолдайды.
Ақпараттық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді. Мемлекеттердің ішкі істеріне араласу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың әрі оларды террористік және өзге де қылмыстық мақсаттарда қолданудың алдын алуға жәрдемдеседі. БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетеді. Осы саладағы шарттық-құқықтық базаны нығайтады. Ұлттық интернет-сегменттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыру саласында ынтымақтасады.
Бұқаралық коммуникациялар саласындағы, оның ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қатерлерді бейтараптандыру үшін ынтымақтастықты қолдайды, екі ел журналистерінің біліктілігін арттыру үшін бірлескен іс-шаралар мен тағылымдамаларды өткізеді.
10. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды, оның ішінде ақпараттық-мәдени орталықтардың жұмысы арқылы дамытуды қолдайды. Екі мемлекеттің қоғамдық және жастар бірлестіктері, білім беру және ғылыми ұйымдары, оқу орындары мен инновациялық орталықтары арасында байланыс орнатуға жәрдемдеседі.
Білім берудің, экономиканың түрлі салалары үшін мамандарды даярлаудың, кәсіптік қайта даярлаудың және біліктілігін арттырудың қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Қазақстан – Ресей білім беру және ғылыми жобаларын іске асыруды, тиісті халықаралық іс-шараларға бірлесіп қатысуды көтермелейді. Екі елдің жоғары оқу орындары ректорларының тұрақты форумдарын өткізеді.
Бірлескен көрмелер мен фестивальдар арқылы ортақ мәдени игілікті насихаттауға ықпал етеді. Қазақстан мен Ресей халықтарының дәстүрлері мен рухани құндылықтарына қызығушылық танытады.
Екі елдің аумағында тұратын этностық топтардың тілдік, мәдени және діни ерекшеліктерін ынталандырады. Олардың әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени өмірге толыққанды араласуын қамтамасыз етеді.
Жастарды жобаларға, оның ішінде волонтерлік жобаларға тартуға, олардың 2024 жылғы Дүниежүзілік жастар фестивалін қоса алғанда, ауқымды халықаралық іс-шараларға қатысуына ықпал етеді.
Өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын, оның ішінде көпжақты ұйымдар шеңберінде құру мүмкіндіктерін қарастыра отырып, спорт саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады.
11. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мектептерінде қазақ және орыс тілдерін және пәндерді осы тілдерде оқытуға қолдау көрсетеді, педагог кадрларды даярлауға жәрдемдеседі.
Орыс тілі біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастарды қолдаудың елеулі шоғырландырушы факторы болып табылатынын атап өтіп, 2023 жылғы 13 қазанда Бішкек қаласында қол қойылған Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа сәйкес оны құру және қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыруды, осы Шартта белгіленген мақсаттар мен қағидаттарды қолдайтын барлық мүдделі мемлекеттердің оған қосылуын көтермелеуді маңызды деп санаймыз.
12. Денсаулық сақтау және медицина саласындағы екіжақты жобаларды дамытады, тиісті шарттық-құқықтық базаны нығайтады. Медициналық білім беру мен ғылымға, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді оқытуға, кәсіптік қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға көңіл бөледі. Жаңа коронавирус инфекциясының пандемиясына қарсы іс-қимылдың ауқымды тәжірибесіне сүйене отырып, инфекциялық аурулардың профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу саласындағы ынтымақтастықты тереңдетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде тұрақты Қазақстан-Ресей консультацияларын өткізеді.
13. Кооперациялық климаттық жобаларды, оның ішінде Каспий теңізінің қоршаған ортасы мен трансшекаралық су ағындарын қорғау мақсатында жүзеге асырады. Табиғи және техногендік факторлардан туындаған және екі елдің халқына қауіп төндіретін экологиялық апаттар мен төтенше жағдайлардың салдарын еңсеруге бірлесіп жәрдемдеседі. Климаттық реттеу саласындағы өзара іс-қимылды дамытады.