Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға Электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық туралы есеп берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президенттерге биыл екі елдің мамандары Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы мен SmartBridge жүйелерінің негізгі компоненттерін Тәжікстан серверлерінде сәтті орналастырғаны жөнінде баяндалды.
Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Тәжікстанның Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігінің директоры Мирзо Хуршед тәжік мамандарының арнайы оқу курсынан өткенін жеткізді. Қазір Тәжікстанның мемлекеттік органдарына арналған сайттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынып, IT-шешімдерді интеграциялау ісі егжей-тегжейлі пысықталып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері жайында мәлімет берілді. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективті бағытының бірі болмақ.