Қазақстанда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заң жүзінде ресми бекіту қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға, деструктивті, ал ашық айтқанда – аморальды мінез-құлық үлгілерін насихаттауға қарсы тұруға міндетті екенін айтады.
Біздің қоғамда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде, мемлекеттік органда ресми тіркелетін құқықтық норма арқылы заңнамалық тұрғыда нығайту қажет. Алайда сонымен қатар мемлекеттің мораль мәселелеріндегі ресми ұстанымымен келіспейтін көзқарастары үшін ешкімді қылмыстық қудалауға, моральдық кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Мемлекеттің ұстанымын мынадай қағидамен түйіндеуге болады: әрбір азаматтың таңдау жасауға құқығы бар, бірақ бұл таңдауды ешкімге күшпен таңуға болмайды, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекет барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін берік қорғайтынын да атап өтті.
Бұған дейін Тоқаев қыз алып қашу – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс екенін сөз етіп, Шымкентте Нұрай есімді қыздың кісі қолынан қаза табуы бүкіл елді дүрліктіргенін айтты.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының 17 жастағы студенті зорлықпен тұрмысқа шығаруға әрекет жасалғанын мәлімдеген еді. Полиция студенттің мәлімдемесі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетейік, бұл Шымкенттегі жігіт пен қыз арасындағы қарым-қатынасқа байланысты тергеліп жатқан бірінші қылмыстық іс емес. Бұған дейін 11 қаңтар күні Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.
Қыздың өліміне қатысты қылмыстық істің тергеу барысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қызметтік тексеру басталды.