Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп мұғалімі Татьяна Белоусованы құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованы Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына енуіне орай құттықтады.
Бұл жоғары баға – Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 2025 жылы байқауға 130-дан астам елден бірнеше мың өтінім түсті. Қорытынды кезеңге білім беру саласына қосқан үлесі мен жоғары кәсіби деңгейін көрсеткен 50 педагог іріктелді.
Global Teacher Prize білім беру саласындағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі болып саналады және жыл сайын оқушылар мен білім беру қауымдастығына елеулі әсер еткен мұғалімдерді атап өтеді.
Финалистерді марапаттау рәсімі 2026 жылғы 1-5 ақпан аралығында Дубай қаласында өтетін халықаралық білім беру форумы аясында ұйымдастырылады.
Қазақстандық педагогтің бұл жетістігі елдегі мұғалімдер даярлау жүйесінің сапасы мен білім беру саласының тұрақты даму деңгейін көрсетеді.